«Отандастар қоры» қандастармен қандай бағытта жұмыс істейді?

12 Шілде 2021, 13:09
2662
Бөлісу:
«Отандастар қоры» қандастармен қандай бағытта жұмыс істейді?

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте «Отандастар қоры» КЕАҚ вице-президенті Мағауия Сарбасов қор жұмысының негізгі бағыттарымен таныстырды.

Шетелдегі ағайынды қолдау және көшіп келген қандастарды бейімдеу, оларға жәрдемдесу - мемлекет саясатының маңызды бағытының бірі. Бұл мәселе Елбасы мен Президенттің үнемі назарында. Олар қойған стратегиялық міндеттерді іске асыру аясында шетелдегі отандастар мен мәдени-гуманитарлық байланысты орнату және нығайту тетіктері үнемі пысықталып, жетілдіріліп тұрады, - деді Мағауия Сарбасов.

Оның айтуынша, 2018 жылы «Отандастар қоры» құрылып, жұмысын бастады. Қор құрылғанға дейін ауқымды іс-шараларды Дүниежүзілік қазақтар қауымдастығы артқарған.

Сонымен қатар бүгінгі күні Үкіметтің қаулысы бойынша «Шетелдегі этникалық қазақтарды қолдау жөніндегі 2018-2022 жылдарға арналған іс-шаралар жоспары» қабылданды.

«Отандастар қоры» құрылтайшылары - Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі мен Сыртқы істер министрлігі. Аталған министрліктерде де үлкен басқарма құрылып, шетелдегі қазақтармен жұмыс істейді. Сондай-ақ Дүниежүзілік қазақтар қауымдастығының келесі жылы 30 жылдық мерейтойы атап өтіледі. Осыған орай үлкен құрылтай өткізу жоспарланып отыр, - деп атап өтті ол брифингте.

Ол «Отандастар қоры» Дүниежүзілік қазақтар қауымдастығымен бірлесе тығыз байланыста жұмыс істейтінін айтты.

Қоғам 4 бағытта жұмыс атқарады. Атап айтсақ, бірінші, шетелде тұратын қазақтардың ұлттық бірегейлігін сақтау мақсатында мәдени-гуманитарлық шаралар ұйымдастыру. Екінші, шетелге қоныс аударған қандастарымызға ақпараттық-консультациялық қолдау жұмыстары ұйымдастырылып, олардың қоғамға бейімделуіне ықпал ету. Үшінші, шетелдегі қазақтарды және елге қоныс аударған қандастардың мәселелері бойынша талдамалық зерттеу жұмыстарын жүргізу, - деп түсіндірді «Отандастар қоры» өкілі.

Сонымен қатар төртінші бағыт - шетелдегі қазақ жастарымен байланыс орнату, оларды Қазақстанға тарту.

Өзгелердің жаңалығы