Өскемендіктер Абай әлеміне саяхат жасады

10 Тамыз 2022, 17:44
2287
Бөлісу:
Өскемендіктер Абай әлеміне саяхат жасады

Шығыс Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Хакім Абайдың әдеби мұрасы – ұлтымыздың асыл қазынасына айналып отыр. Екі жыл бұрын ұлы ақынның туған күні, яғни 10 тамыз Үкіметтің қаулысымен «Абай күні» ретінде белгіленген болатын. 

Осылайша Абайдың нақты туған күніне қатысты мәселеге нүкте қойылған-ды. 

Абайдың туған күні ретінде екі датаның аталатыны қынжылтатын. 23 тамыз қайдан шықты? Екіс және жаңа жыл санауда 13 күндік айырма бар. Осыған байланысты ақынның туған күніне 13 күн қосылған. Алайда, олай етуге болмайды. Абайдың туған күні болып нақты бір датаның, яғни 10 тамыздың белінгені жөн болды, – деген еді абайтанушы Мекемтас Мырзахметов.

Абай күні халықтық мерекеге айналып барады. Осы күні елдің түкпір-түкпірінде хакімнің өлеңдері оқылып, әндері шырқалады. Бүгін Кенді Алтайдың астанасы – Өскеменде де Абайға арналған бірқатар рухани іс-шаралар өткізілді.

Олардың бір парасы облыстық кітапханада ұйымдастырылды. Ақынның туындыларына қызығушылдар осында бас қосты. Арасында қара сөздері мен өлеңдерін нақышына келтіре жатқа айтатындар, абайтанумен айналысатындар бар. Себебі, интерактивті әдеби экспозиция, тақырыптық бейнесауалнама, сөзжұмбақ және мозайка құрастыру сайыстары өтті. Абай әндерін орындаған әуесқой әншілер көп болды. Кезектесе оқылған өлеңдер мен қарасөзге құлақ түрді жиналған жұрт. 

Өскемендіктер Абай әлеміне саяхат жасады

Бір бұрышта тоғызқұмалақ ойнап отырған оқырмандарды көрдік. Абай тоғызқұмалақты сүйіп ойнаған, тоғызқұмалақшылар сайысын да ұйымдастырған, хәкімнің тоғызқұмалақ тақтасы өзінің музейінде сақтаулы тұр. Өскелең ұрпақ ақынды басқа қырынан тани түсті. 

Ақын шығармашылығына арналған кітап көрмесіне көптеген кітап қойылыпты. Арасынан киіз кітап көзге түсті. Киізден жасалған кітап он беттей екен. Іші Абай шығармашылығымен өрнектеліпті. Қасында қолдан тоқылған кітап тұр. Төрт беттік кітапта Абайдың төрт мезгіл туралы өлеңдері үш тілде өрнектелген. 

Кітапхананың орталық залында фотозона орналасып, экранға Абайдың фотосуреті шығарылған.

Оралхан Бөкей атындағы қалалық кітапханада «Бала Абайдан – дана Абайға дейін» атты мерекелік шара өтті. Келушілер Абай әлемінен мәлімет беретін кітап көрмесін тамашалады. VR киіз үйдегі техника арқылы «Абай жолы» романындағы бала Абай туралы мәтін желісі негізінде бейнекөрініс жасаумен танысты. Балақайлар «Абай жолындағы» ақынның балалық шағы туралы оқып, мәтін бойынша мультстудияда фильм жасауды үйренді. Креативті шараға жастар қызыға атсалысты. Шара соңында қонақтар киіз үйде отырып, Жидебай мұражайына онлайн саяхат жасады.

Өскемендіктер Абай әлеміне саяхат жасады

Кітапхана қонақтары күмбірлі күй, әуезді ән тыңдады, байқауға қатысып, ақын жайлы білімдерін сынады. Кітапхана ішіне Абай шығармаларынан үзінділер, ақын туралы шетел зиялыларының пікірлері ілініпті. Фотокөрмеге Абайдың әлемдегі 20 шақты ескерткіші қойылған екен. 

Шара барысында ақын өлеңдеріне негізделген байқау қорытындысы шығарылып, жеңімпаздар марапатталды. Өзге оқырмандар да сыйлықсыз қалмады. 

Осылайша Шығыс жұрты Абай әлеміне тағы бір мәрте саяхат жасап, тың мағлұмат алып қайтты. Абай күні алдағы уақытта да осылай мәнді әрі мағыналы форматта атала береді деп сенеміз.

Өзгелердің жаңалығы