Өскемендік паралимпиадашы Мысырдан қола медальмен оралды

14 Наурыз 2023, 14:00
779
Бөлісу:
Өскемендік паралимпиадашы Мысырдан қола медальмен оралды
Фото: Instagram/zhaksylyk_omar

Өскемендік паралимпиадашы Ардақ Нұрмағамбетов Мысырда өткен халықаралық турнирдің қола медалін жеңіп алды деп хабарлайды Шығыс Қазақстан облысындағы BAQ.KZ тілшісі. 

Жақында елге оралған спортшыны алғашқылардың бірі болып қала әкімі Жақсылық Омар құттықтады.

Ардақ Нұрмағамбетов – шын мәнінде үлгі тұтуға лайық адам. Мүмкіндігі шектеулі бола тұра, ол көптеген он екі мүшесі сау адамның қолынан келе бермейтін биіктерге жете білген. Ардақ спортты және біздің сүйікті қаламыз Өскеменді жан-тәнімен жақсы көретінін жасырмайды. Сол үшін оған айрықша алғысымды айтқым келеді. Ардаққа ұзақ ғұмыр, амандық және жаңа жеңістер тілеймін! Алар асуы көп болсын! – дейді шаhар басшысы.

Осы ретте Ардақ Нұрмағамбетовтің үстел теннисінен спорт шебері деген атағы бар екенін айтқан абзал. Жерлесіміз осыған дейін екі мәрте елішілік Паралимпиада ойындарының тұғырына көтеріліп, республикалық деңгейдегі басқа да жарыстарда үздіктер қатарынан көрінген-ді.

Айта кетейік, алыстағы байрақты бәсекеден олжалы оралған жерлесімізді алғашқылардың бірі болып Өскемен қаласы әкімінің құттықтауы бекер емес. Осыдан бірер күн  бұрын Жақсылық Омар Шығыс Қазақстан облыстық үстел теннисі федерациясының президенті болып сайланған еді.

Менің басты мақсатым – облыстағы үстел теннисінің танымалдылығын арттыру, онымен шұғылданушылардың қарасын көбейту. Болашақта Шығыс Қазақстанда аталмыш спорт түрі бұқаралық сипатқа ие болуы тиіс. Сонымен қатар биік белестерді бағындырғымыз келсе, бізде кәсіпқой теннисшілер командасының болуы керек. Республикалық және халықаралық жарыстарда облысымыздың намысын дәл осы команда мүшелері қорғайтын болады. Алдағы бірнеше жылда осы міндеттерді орындауға күш саламыз, – дейді жаңадан сайланған федерация басшысы.

Жалпы, біздің елде, оның ішінде Шығыс Қазақстанда үстел теннисі ең танымал спорт түрлерінің бірі саналады. Деректерге сүйенсек, бүгінде облысымызда 450-ден астам теннис секциясы жұмыс істеп тұр. Қазір онда 11 мыңнан астам адам спорттың осы бір түрімен шұғылдануда. Осы ретте Шығыс Қазақстанда аталмыш спорт түрінің танымалдылығының артуына былтыр Өскеменде су жаңа үстел теннисі орталығының ашылуы да септігін тигізгені сөзсіз. Қазір бұл орталықта 400-ден астам адам жаттығатын көрінеді. 

Жаңа ғимаратта екі үлкен жаттығу және жарыс залы, спортшыларға арналған медицина диспансері, тренажер залы мен буфет бар екенін айту керек.

Өзгелердің жаңалығы