Өскеменде үстел теннисін үйренушілер көбейді

13 Наурыз 2023, 16:29
1126
Бөлісу:
Өскеменде үстел теннисін үйренушілер көбейді
Фото: Тілеубек Шаяхмет

Өскеменде былтыр жазда пайдалануға берілген Үстел теннисі орталығында бүгінде 400-ден астам адам жаттығуда деп хабарлайды Шығыс Қазақстан облысындағы BAQ.KZ тілшісі. 

Спорт нысанының ашылғанына бәлендей көп уақыт бола қоймаса да, жеткен жетістіктері аз емес. Бір жылға жетер-жетпес уақытта орталықтың тәрбиеленушілері 13 республикалық және халықаралық турнирлерге қатысып үлгерді, – дейді қала әкімі Жақсылық Омар.

Сондай-ақ шаһар басшысы биылдан бастап орталық базасында жоғары дәрежелі отандық және шетелдік жаттықтырушыларды тарта отырып, тұрақты түрде облыс құрамасының оқу-жаттығу жиындарын өткізу жоспарланып отырғанын айтты.

Орталық ең жоғары деңгейдегі жарыстарды қабылдауға дайын. Мәселен, таяуда мұнда жастар арасындағы республикалық біріншілік өтіп, оған еліміздің 14 облысы мен қаласынан келген 240-тан астам спортшы қатысты. Сондай-ақ осыдан біраз уақыт бұрын ұйымдастырылған ардагерлер арасындағы ел чемпионаты да тартысқа толы болды. Одан бөлек, облыстың түрлі жас санатындағы бес чемпионаты, төрт қалалық турнир мен мектептер арасындағы облыстық спартакиада да жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Шаһарымызда осындай бірегей спорт нысаны пайда болғаннан кейін қалалық және мектеп лигалары қайта жанданды, – деді шаһар басшысы.

Өскеменде үстел теннисін үйренушілер көбейді

Былтыр сәуір айының соңында келушілерге есігін айқара ашқан спорт нысанының тұсаукесер рәсіміне облыс әкімі Даниал Ахметов пен республикалық Үстел теннисі федерациясының басшылығы қатысқан болатын.

Жаңа ғимараттың артықшылығы мұнда спортшыларға арналған медицина диспансері бар. Аталмыш диспансер спортшыларды оңалтуға және физиотерапия процедураларына арналған заманауи аппараттармен жабдықталған.

Сондай-ақ жаңа мамандандырылған үстел теннисі орталығында екі үлкен жаттығу залы бар. Онда ұзын саны 58 теннис үстелі қойылған. Яғни, бір мезетте 120-ға жуық бала теннис ойынай алады. Сонымен қатар залдарға 300-ге жуық көрермен сыяды.

Тағы бір ерекше атап өтер жайт, жаңа орталықта үстел теннисінен балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі де ашылған. Онда кәсіби жаттықтырушылар тартылып, балақайларға үстел теннисінің әліппесін үйретуде. Бұған қоса төрт қабатты ғимарат ішінде бірнеше киім ауыстыру бөлмесі, тренажер залы мен буфет те бар.

Осының бәрі алдағы уақытта Өскеменнің еліміздегі үстел теннисі орталығына айналуына негіз болмақ.

Өзгелердің жаңалығы