Өскеменде қоқысты сұрыптау кешенінің құрылысы басталды

21 Шілде 2021, 11:27
3355
Бөлісу:
Өскеменде қоқысты сұрыптау кешенінің құрылысы басталды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің өкілдері Өскемен қаласының әкімдігі және ӨКМ операторы басшылығы Шығыс Қазақстан облысында қатты тұрмыстық қалдықтарды сұрыптау бойынша алғашқы зауыттың құрылысымен танысты. 

Нысанның құрылысы 28 мамырда басталды, бүгінгі күні алаңда ғимараттың іргетасы құйылды, коммуникациялар жүргізілді және металл конструкциялардан жасалған корпусты монтаждауға дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр. Кешен қоқыс полигонының аумағына жақын 4,2 гектар аумақта орналасады. Сондай-ақ ол Өскемендегі қалдықтармен жұмыс істеу жүйесінің негізгі буынына айналады. 

Қоқысты сұрыптау кешенінің жоспарланған қуаты - жылына 100 мың тонна қатты тұрмыстық қалдық. Зауытты пайдалануға 2021 жылғы 30 тамызда беру жоспарланып отыр. Жұмыстар кестеге сәйкес жүргізіліп жатыр.
Делегацияға Грециядан жеткізілген автоматтандырылған сұрыптау желісінің жабдықтары да таныстырылды. Құны 1,35 млрд теңге болатын «Sabo» әлемдік брендінің жабдықтарын ӨКМ операторы сатып алып, қалалық әкімдіктің балансына береді. Бүгінгі таңда Грециядан оптикалық және баллистикалық сепараторлар жеткізілді, ал тізбекті және таспалы конвейерлер келесі партиямен келеді, сондай-ақ алдын ала сұрыптау кабинасы, барабан сепараторы, жабдықты түпкілікті жеткізу тамыз айына жоспарланған. 

Маусым айында жергілікті мамандар «Sabo» грек компаниясының өндірістік алаңында апталық оқудан өтті. Олар заманауи қоқыс сұрыптайтын жабдықта жұмыс істеуді үйренді. Сабақтар Халкида қаласында SABO Group инженерлері мен техниктерінің жетекшілігімен өтті.

Маусым айында Өскеменде қатты тұрмыстық қалдықтарды бөлек жинауға арналған контейнерлерді орналастыру аяқталды. Өңірде ҚТҚ-ны бөлек жинау үш фракция бойынша жүзеге асырылады: «жеңіл» қайта өңделетін қайталама шикізат (пластик, қағаз, металл), «ауыр» (шыны) және «дымқыл» - қайта өңделмейтін қалдықтар (тамақ қалдықтары және т.б.).

Сондай-ақ Өскемен тұрғындарына макулатура, пластик, шыны және металл қаптама қалдықтарын тапсыру арқылы табыс табу мүмкіндігі таныстырылды. ӨКМ операторы тамыздан бастап «EcoQolday HOME» жобасын іске қосады. ПИК / МИБ және басқа да ұйымдар қайталама шикізатты жинауды жүзеге асыра алады және қосымша арқылы сауда-саттық әдісімен оператордың өңірлік серіктестеріне жинақталған көлемді сата алады. Түскен ақшаны абаттандыру, үйді жөндеу және басқа мақсаттарға пайдалануға болады.

Сондай-ақ «Стоп мусор» әлеуметтік жобасымен бірге қала тұрғындары үшін қалдықтарды бөлек жинау бойынша шеберлік сыныптары ұйымдастырылды.

Облыс орталығы үшін ӨКМ операторы «жеңіл» қайталама шикізатты жинау үшін сары түсті 760 пластик контейнер және қалдықтарға арналған қоңырау үлгісіндегі 514 көк контейнер сатып алып, әкімдікке берді. Қайталама шикізатты жинауға арналған контейнерлерге қызмет көрсету үшін ӨКМ операторы 6 мамандандырылған техниканы сатып алды және әкімдіктің теңгеріміне берді. ӨКМ операторынан инфрақұрылымды қаржыландырудың жалпы сомасы 1,8 млрд теңгені құрады.

Жергілікті бюджет және қоқыс шығаратын ұйымдар қаражаты есебінен тамақ қалдықтарын жинау үшін 1 220-дан астам контейнер сатып алынды, қайталама шикізаттың 10 стационарлық қабылдау пунктін орнату жоспарлануда және сұрыптаудың автоматтандырылған желілерін орналастыру үшін құрылыс салуды қаржыландыру басталды.
Жергілікті атқарушы орган өз кезегінде 2022 жылы қалдықтарды қайта өңдеу деңгейін кемінде 30%-ға дейін жеткізу міндеттемесін өзіне алады. Қайта өңделмейтін қалдықтар республикалық бағдарламаға сәйкес «Waste to energy» зауытына жіберіледі. Бұл кешенді жұмыс өңірдегі қалдықтарды қайта өңдеу пайызын ұлғайтуға, қоқысты бөлек жинау инфрақұрылымын дамытуға, сондай-ақ жаңа жұмыс орындарын құруға мүмкіндік береді деп күтілуде.

Өзгелердің жаңалығы