Өскеменде ерекше спортшыларға арналған чемпионат өтіп жатыр

23 Қыркүйек 2022, 16:46
1385
Бөлісу:
Өскеменде ерекше спортшыларға арналған чемпионат өтіп жатыр

Өскемен қаласының Ольга Рыпакова атындағы орталығында Special Olympics спортшылары арасында жеңіл атлетикадан ел чемпионаты өтіп жатыр, деп хабарлайды Шығыс Қазақстандағы BAQ.KZ тілшісі.

Облыс орталығына республиканың түрлі өңірлерінен атлеттер командалары жиналды. Жарысқа қатысушылар – қарапайым спортшылар емес, ақыл-ой кемістігі бар ерекше адамдар. 1963 жылы АҚШ-тың со кездегі президенті Джон Кеннедидің әпкесі Юнис Кеннеди Шривер өз үйінде ақыл-есінің дамуында проблемалары бар балалар мен ересектерге арналған спорттық күндізгі лагерь ашып, олардың қабілеттерін зерттеуге кіріскен болатын. Оған дейін жұрт оларға көп жылдар бойы қоғамда өмір сүруге бейім емес азаматтар ретінде қарап келген-ді. Алғашқы топтық жұмыс психикалық денсаулығы нашар адамдар түрлі спортта жақсы нәтижелерге қол жеткізе алатынын көрсетті. Осылайша халықаралық арнайы олимпиадалық қозғалыс пайда болып, оған 1993 жылы Қазақстан да қосылды.

Өскеменде ерекше спортшыларға арналған чемпионат өтіп жатыр

Біздің ұйым спорт арқылы ерекше қажеттіліктері бар адамдарды қоғамға бейімдейді. Жыл сайын біз бүкіл ел бойынша он шақты іс-шара өткіземіз. Біздің спортшылар баскетбол, волейбол, футбол, жүзу және басқа да көптеген спорт түрлерімен, соның ішінде қысқы спорт түрлерімен де айналысады. Бүгінгі таңда Special Olympics-ке бүкіл Қазақстан бойынша жиырма бес мың атлет қатысады, – деді «Қазақстандық арнайы Олимпиада» қоғамдық бірлестігінің бас директоры Любовь Червонных. 

Любовь Червонныхтың айтуынша, спорт арнайы спортшылардың тек физикалық қана емес, сонымен қатар психикалық денсаулығына да оң әсер етеді. Олар өздеріне сенімді бола бастайды, жаңа биіктерге ұмтылады. 

Өскеменде ерекше спортшыларға арналған чемпионат өтіп жатыр

Бұл, әсіресе, халықаралық жарыстардан кейін байқалады, балалар басқа елдерден келген қарсыластарының қаншалықты жаттыққанын көріп, спорттағы өз деңгейлерін арттыруға тырысады. Сондай-ақ, ақыл-ойы бұзылған адамдар арасында спортқа деген қызығушылық артып келеді, мысалы, осы чемпионатта бұрын арнайы Олимпиада қозғалысына қатыспағандар көп, – дейді Любовь Червонных.

Айта кетейік, халықаралық жарыстардан ерекше спортшылар үнемі алтын, күміс және қола медальдарды алып жүр, ешқашан құр қол оралмайды. Солардың бірі – пауэрлифтингтен үш дүркін чемпион, Ақмола облысынан келген 28 жастағы Иван Әлиев. Жас жігіт 2019 жылы Әбу-Дабиде өткен бүкіләлемдік арнайы жазғы Олимпиада ойындарында алтын медаль жеңіп алған. Өскеменге ол жеңіл атлет ретінде келді, бірақ ол қатысатын спорт түрлері мұнымен шектелмейді.

Мен он екі жасымнан бері спортпен айналысамын. Бүгін мен ұзындыққа секіруге және 100 метрге жүгіруге қатысамын. Футбол ойнауды, жүгіруді, секіруді және ән айтуды ұнатамын, – дейді Иван өзі туралы.

Спортшының айтуынша, Өскемен оған қатты ұнапты.

Өскеменде ерекше спортшыларға арналған чемпионат өтіп жатыр

Ваня көптеген спорт түрлері бойынша алуан деңгейдегі жарыстарда өнер көрсетеді. Ол сонымен қатар ауыр атлетші, мини-футбол, волейбол және баскетбол ойнайды. Ал 2023 жылы мен оны Германиядағы пауэрлифтингтен жарыстарға дайындап жатырмын. 12 жасында ол біздің орталыққа интернаттан келді, содан бері ол спортпен шұғылданады, – дейді оның бапкері.

Шығыс Қазақстан облысының атынан жарысқа облыс орталығы, Алтай ауданы және Риддер командалары қатысуда.

Чемпионатқа біз 12-15 жас және 15-21 жас аралығындағы сегіз спортшыны әкелдік. Олар 100 және 200 метр қашықтыққа жүгіру, эстафеталық жүгіру және орнынан ұзындыққа секіру бойынша өнер көрсетеді. Біздің мектепте көптеген балалар оқиды, олардың ішінен біз кіл мықтыларын таңдап әкелеміз, – дейді Риддер қаласы №7 арнайы түзету мектебінің дене шынықтыру мұғалімі Сергей Сүлейменов.

Риддер балалары үшін бұл бірінші жарыс емес. 2019 жылы осы чемпионатқа мектептің үш жетекші спортшысы келді, сондай-ақ карантинге дейін балалар «Жұлдызай» республикалық ойындарына барып, жүлделі орындарға ие болды, тіпті чемпион атанды.

Өскеменде ерекше спортшыларға арналған чемпионат өтіп жатыр

Жарыстың ресми ашылуында Special Olympics Kazakhstan бас директоры Шығыс Қазақстан облысының әкімдігіне, сондай-ақ білім басқармасы мен дене шынықтыру және спорт басқармасына шараны өткізуге қолдау көрсеткендері үшін алғыс білдірді.

Сіздерді спорт және денсаулық мерекесімен құттықтаймын! Баршаңызға әдемі жеңістер тілеймін! – деді ШҚО дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының міндетін атқарушы Серік Құсымбаев чемпионатқа қатысушыларды құттықтай отырып.

Шынында да, спортшылар үшін әр жарыс – бұл керемет сезім, олар физикалық тұрғыдан дайын болып қана қоймай, жаттықтырушының тапсырмасына назар аударып, оны нақты орындауға тырысады.

Аталған чемпионатқа біз сегіз қатысушыны әкелдік, олар секіруден бастап жүгіруге және доп лақтыруға дейінгі барлық бағытта сайысады. Әрине, ментальді денсаулығы бұзылған спортшыларды даярлауда проблемалар бар, бірінші кезекте оларды жаттығуларды дұрыс орындауға үйрету қиын, бірақ біз қуана-қуана жаттығамыз, – дейді ШҚО бойынша Special Olympics филиалының тренері Раиса Паладьева.

Өскеменде ерекше спортшыларға арналған чемпионат өтіп жатыр

Қалай болғанда да, осы жастардың әрқайсысы үшін мұндай сапарлар – бұл жаңа адамдармен танысу және жаңа достар табу.

Біздің жарыс бағдарламасына елу, жүз және екі жүз метрге жүгіру, орнынан ұзындыққа секіру, доп лақтыру және төрт жүз метрден аралас эстафета енеді, – дейді чемпионат төрешісі және жеңіл атлетикадан шығысқазақстандық параолимпиадалық спортшылардың бас жаттықтырушысы Мұтан Сәбитов.

Жаттықтырушының айтуынша, балалар өз өнерлерін барынша көрсетуге тырысады, стартқа қуанады және бір нәрсе сәтсіз болса, ренжімейді, өйткені олар үшін турнирге қатысу – үлкен жеңіс.

Ерекше балалар мен ересектерге арналған спорттық мереке ұйым туын алып шығудан, Special Olympics атлеттерінің антын айтудан басталды.

Жарысқа Павлодар, Атырау, Қызылорда, Ақмола облыстары, ШҚО, Астана және Семей қалаларының спортшылары қатысуда. Барлығы – әр түрлі жастағы 110 спортшы.

Special Olympics Kazakhstan ережелері бойынша әр ерекше спортшы өнер көрсеткені үшін марапатқа ие болады. Алғашқы үш орынды алған жүлдегерлерге медальдар беріледі, қалған қатысушылар арнайы ленталарға ие болады.

Өзгелердің жаңалығы