Қазақстанда дауыс беру күніне бес күн қалғанда сайлауға қатысты әлеуметтік сауалнамалардың нәтижелері мен болжамдарды жариялауға тыйым салынады. Бұл туралы Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Ләззат Сүйіндік мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Оның айтуынша, қазіргі таңда Орталық сайлау комиссиясының сайтында сайлауға байланысты қоғамдық пікірге сауалнама жүргізуге аккредиттелген алты ұйымның тізімі жарияланған. Соның үшеуі дауыс беру күні exit-poll өткізуге құқылы.
Exit-poll дауыс беру күні сайлау учаскелерінен тыс жерде ғана жүргізіледі. Сайлау учаскелерінің ішінде exit-poll өткізуге заңмен тыйым салынған, – деді Ләззат Сүйіндік.
ОСК мүшесі сондай-ақ дауыс беруге бес күн қалғанда және дауыс беру күні әлеуметтік сауалнамалардың қорытындыларын, сондай-ақ сайлау нәтижесіне қатысты болжамдарды жариялауға болмайтынын еске салды.
Сондықтан осы кезеңнен бастап дауыс берудің ықтимал нәтижелеріне қатысты әлеуметтік сауалнамалардың қорытындыларын немесе болжамдарды жариялауға заңмен тыйым салынады. Бұл талапты журналистер, қоғам қайраткерлері мен сарапшылар да ескеруі керек, – деді ол.
Ләззат Сүйіндік мұндай шектеудің халықаралық тәжірибеде де бар екенін атап өтті. Оның сөзінше, мұндағы мақсат – дауыс беру алдында сайлаушыға өз таңдауын сыртқы ықпалсыз ой елегінен өткізіп, дербес шешім қабылдауға мүмкіндік беру.