Уикипедия бір күн бұрын чемпион деп жариялап қойған «Орыс танкісі»

25 Қыркүйек 2019, 17:39
5929
Бөлісу:
Уикипедия бір күн бұрын чемпион деп жариялап қойған «Орыс танкісі»
VIDEO

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Елордамызда алғаш рет өткен күрес түрлерінен әлем чемпионаты аяқталды. Жарыстың соңғы күнінде еркін күрестен 97 келі салмақта «Орыс танкісі» атанған Абдулрашид Садулаевқа тең келетін ешкім болмады.

Әлем чемпионатынан кейін осымен қатарынан 4 дүркін әлем чемпионы атанған 22 жастағы спортшымен сұқбаттасқан едік.


– Біздің заманымыздың ең атақты екі балуанының бірі болу қалай?

– Әзірге білмеймін, сезініп те үлгерген жоқпын. Бұл менің жеткен жетістігімнің шыңы емес деп ойлаймын. Менің алда әлі де болсын бағындыратын биігім бар. Осы ретте жұмысты жалғастыра беремін.

– Снайдермен финалда кездесуге арнайы дайындалдыңыз ба?

– Біздің салмақта атақты балуандар өте көп. Жеткілікті. Финалда менімен Олимпиада чемпионы, әлемдегі техникалық шеберлігі жоғары балуандардың бірі Шариф Шарифов күресті. Сондықтан финалға кез келгені шықпай қалуы мүмкін еді. Неліктен? Өйткені, балуандардың көбісі шама-шарқы мен мүмкіндіктері бірдей.

– Шыныңызды айтыңызшы, бәрібір де америкалық балуанмен белдеспегеніңізге өкінген боларсыз?

– Біз әлі жолығамыз. Алдымызда 4 жылдықтың басты додасы Олимпиада ойындары бар.

– Жартылай финалда қазақ балуаны Әлішер Ерғалимен кездестіңіз. Ол әлем чемпионатының дебютанты, соған қарамастан сізден ұпай алуға шамасы жетті...

– Бұл жігітті бұрын көрмегенмін. Алғаш рет кездесіп тұрмыз. Келешегінен үміт күттіретін, жас талантты балуанның бірі деп ойлаймын. Оны жарқын болашақ күтіп тұр.

Осы ретте, жаттықтырушылар мен жанкүйерлерден бөлек, Қазақстандағы күрестің көрермендеріне алғысымды білдіргім келеді. Әлем чемпионатында жанкүйерлердің бірі маған: «Мен үшін «Күрестегі Халид ибн әл Уәлид» (Мұхаммед пайғамбардың сахабаларының бірі, Сайфуллах (Аллаһтың қылышы) деген атқа ие болған адам) өзің боласың деп айтты. Оған күле қарап, жауап бердім: «Мұндай жылы пікіріңізге алғысым шексіз, бірақ маған ол деңгейге жету, жаяу адамның Қытайға баруымен бірдей шығар».

– Елімізде өткен әлем чемпионатына қандай баға бересіз?

– Жалпы, дәл осы әлем чемпионатын ұзақ уақыт есте сақтайтын шығармын. Жарыс жоғары деңгейде өтті. Халықтың қонақжайлығы ұнады. Бәрі де көңілімізден шықты. Тіпті, жергілікті жанкүйерлердің біразы жартылай финалда қазақ балуанымен белдескеніме қарамастан, маған жанкүйер болды. Оларға ерекше рақметімді айтамын.

– Осымен, әлем чемпионатын төртінші рет ұтып отырсыз, одан бөлек Олимпиада ойындарының алтыны бар. Эмоция кеткен соң, босаңдық танытпайсыз ба?

– Жоқ, ондай болмайды. Алла Тағала маған мұндай қуаныштың эмоциясын тағы да береді деп ойлаймын. Бәрі алда. Осы күнге дейін ұтқан 4 әлем чемпионатымның әрқайсысын ерекше есте сақтаймын. Егер 2017 жылы финалда Снайдерден жеңілмегенімде, тіпті бесеу болатын еді.

– Кеше Уикипедия сізді 2019 жылғы әлем чемпионы деп ертерек жазып қойғанын білесіз бе?

– Пойыздың алдына шығуға болмайды. Олимпиада ойындарына бара жатқан спортшыға алтын алады деп алдын ала шешім шығарып қоятындар жетерлік. Мұндай жағдайлар талай болған. Бұл жақсы емес. Сұқбатты аяқтамас бұрын мен бұл жеңісімді біздің мақтанышымыз имам Шәмілге арнайтынымды айтқым келеді. Кавказдағы әрбір екінші бала соған ұқсағысы келеді. Оның былай айтқаны бар еді: «Биіктеген сайын кішірейе біл, мықтылық пен кішіпейілдіктің нағыз үлгісі қайырымдылықта».

Видео: Бек ТӨЛЕУОВ
Өзгелердің жаңалығы