Өрттен зардап шеккендердің барлығы баспана алады – Даниал Ахметов

11 Мамыр 2021, 09:00
1392
Бөлісу:
Өрттен зардап шеккендердің барлығы баспана алады – Даниал Ахметов

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов Риддер қаласының жанындағы Лесхоз кентіне барып, тұрғындармен кездесті. 

Бүгін біздің өңір үшін өте ауыр күн болды. Өрт кезінде қаза тапқан кент тұрғыны Галина Филаретовна Спивакованың туыстары мен жақындарына қайғырып көңіл айтамын. Сондай-ақ, табиғи апаттан зардап шеккен азаматтарға зор денсаулық пен тезірек сауығуларын тілеймін. Үкімет пен облыс әкімдігі тарапынан сіздерге жан-жақты қолдау мен көмек көрсетіледі! Өрттен зардап шеккендердің барлығы баспана алады, - деді облыс басшысы.

Қазіргі уақытта, расталған ақпаратқа сәйкес, 35 үй мен 9 ғимарат өртенді.

Бұл жұмыс ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың ерекше бақылауында екенін атап өткім келеді. Алдын ала есеп бойынша, тұрғын үй мәселесін толық шешу үшін бізге екі жарым ай қажет. Тұрғындармен кездесу барысында жұмыс жоспарына тоқталып, барлық жағдайды бүкпесіз баяндап бердім. Риддерде салынып бітпеген бірнеше көпқабатты үйлер бар, оларды біз сатып алып, құрылысын аяқтауды межеге алып отырмыз. Бұл баспаналар кірпіштен жасалған, бүгін кездесуден кейін біреуінің жағдайын жеке өзім барып көрдім. Таңертең құрылыс компанияларымен бірге қалған үйлерді бағалап шығамыз, - деді Ахметов.

Арнайы комиссия жұмыс істеп, шығындардың құнын анықтайды және заңнама ережелеріне сәйкес өтемақымен айналысады.

Егер кімде-кім көпқабатты тұрғын үйден бас тартса және ескісін жөндеуді талап етсе, біз оны жөндейміз. Құжаттарды қалпына келтіруге қатысты айтар болсам. Полиция департаменті мен ХҚКО ертеңнен бастап бұл жұмыспен айналысады. Барлық құжаттарды бірқалыпты тәртіпте қалпына келтіреміз. Мүліктік шығындарға келетін болсақ, төлемдер заңға сәйкес жүзеге асырылады. Арнайы комиссия жұмыс істеп, шығындардың құнын анықтайды және заңнама ережелеріне сәйкес өтемақымен айналысады. Агротехникалық колледж жатақханасы мен профилакторий базасында барлық зардап шеккендерді қоныстандыру үшін орындар ұйымдастырылды. Алдағы екі-үш күнде өрттің себебі анықталады, - деді ол.
Естеріңізге сала кетейік, Риддердегі шөптен шыққан өрттен 35 үй өртеніп, бір адам қаза тауып, екі адамды күйік шалғанын жазған едік.   

ШҚО ТЖД қауырт желі телефоны жұмыс істеуде. Көмекке мұқтаж барлық адамдар 8(7232) 55-38-19 нөміріне қоңырау шала алады, онда психологтар зардап шеккендермен  жұмыс істеп жатыр. Сондай-ақ,  ШҚО ТЖД Дағдарыс орталығында жедел штаб құрылды.

Вице-министр Риддерге аттанған болатын, кейін полиция күдіктінің табылғанын хабарлаған болатын.

Өзгелердің жаңалығы