Орталық сайлау комиссиясының жаңа мүшесі тағайындалды

24 Ақпан 2022, 10:27
940
Бөлісу:
Орталық сайлау комиссиясының жаңа мүшесі тағайындалды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Сенаттың жалпы отырысында Орталық сайлау комиссиясының мүшесіне Шавхат Өтемісов тағайындалды.

Конституциялық нормаларға сәйкес Орталық сайлау комиссиясының мүшесі қызметіне кандидатураны Палата төрағасы ұсынады.

Мәулен Әшімбаев осы құқықты пайдалана отырып, Орталық сайлау комиссиясының мүшесі қызметіне кандитатураны ұсынды.

Орталық сайлау комиссиясының мүшесі қызметіне Шавхат Әнесұлы Өтемісовтің кандидатурасын ұсынамын. Шавхат Әнесұлы еңбек жолын ауылдық мектептің мұғалімінен бастап, аудан әкімі, облыс әкімінің орынбасары болып қызмет атқарды. Ұзақ жылдар Мәжіліс депутаты болып заң шығару ісіне белсенді атсалысты. Осыған дейін Экология, геология және табиғи ресурстар ресурстар министрлігі аппаратының басшысы болып жұмыс істеп келді, - деп айтты палата спикері.

Оның айтуынша, Шавхат Әнесұлының біліктілігі мен мемлекеттік қызметте және Парламентте жинаған мол тәжірибесі Орталық сайлау комиссиясының жұмысына тың серпін береді.

Ұсынылған кандидатура бойынша Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитеті алдын ала талқылап, қорытынды әзірледі.

Сенатор Владимир Волков Сенат төрағасы ұсынған кандидатураны қолдауды ұсынды.

Сенат депутаттары ашық дауыс арқылы дауыс беріп, Сенат қаулысын қабылдады.

Айта кетейік, бұған дейін Сенат Регламентінің 81-1-тармағының негізінде Парламент Сенатына берілген өтінішіне байланысты Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Серік Сіләмжанұлы Сыдықовтың қызметінен босатылғанын хабарлаған болатынбыз.

Өзгелердің жаңалығы