Орталық Азия елдері Сырдария бассейніндегі су есебін автоматтандыруға келісті

Жаңа жүйе су ресурстарын бөлудегі ашықтықты арттырып, өңірлік ынтымақтастықты күшейтуге және су ресурстарын тұрақты пайдалануға мүмкіндік береді.

 скрин 9 Тамыз 2026, 04:35
9 Тамыз 2026, 04:35
123
Фото: скрин

Орталық Азия елдері трансшекаралық су ресурстарын тиімді басқару бағытында тағы бір қадам жасады. Түркістанда өткен Мемлекетаралық су шаруашылығын үйлестіру комиссиясының (МСШҮК) 94-отырысында Сырдария өзені бассейнінде суды есепке алудың автоматтандырылған жүйесін енгізу жоспарын әзірлеу бастамасы қолдау тапты.

Жаңа жүйе су ресурстарын бөлудегі ашықтықты арттырып, өңірлік ынтымақтастықты күшейтуге және су ресурстарын тұрақты пайдалануға мүмкіндік береді.

Отырыста 2026 жылғы вегетациялық кезеңдегі су пайдалану лимиттері мен су қоймаларының жұмыс режимдері қаралды. Сонымен қатар Сырдария бассейнінде су ресурстарын автоматтандырылған есепке алу жүйесін енгізу жоспарының жобасы талқыланды.

Талқылау қорытындысы бойынша Орталық Азия мемлекеттері аталған құжатты әзірлеуді мақұлдады. Қазақстанның Су ресурстары және ирригация министрлігінің мәліметінше, қыркүйек айына дейін жобаны әзірлеп, оны іске асыру тетіктерін анықтайтын арнайы жұмыс тобын құру жоспарланып отыр.

Су ресурстарын цифрландыру

Кездесуде су шаруашылығын цифрландырудан бөлек, Дүниежүзілік банкпен бірлесіп жүзеге асырылып жатқан CAWEC гранттық жобасы да талқыланды. Жоба Орталық Азия елдеріндегі су ресурстарын тиімді пайдалануды арттыруға бағытталған.

Сондай-ақ Халықаралық Аралды құтқару қорының құрылтайшы мемлекеттері басшылары кеңесінің шешімдерін орындау және осы бағыттағы бірлескен жұмысты үйлестіру мәселелері қаралды.

Қазақстанның Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов МСШҮК көптеген жылдар бойы Орталық Азиядағы трансшекаралық су ресурстарын басқаруға қатысты келісілген шешімдер әзірлейтін негізгі алаң болып келе жатқанын атап өтті.

Шардараға су келімі артты

Биылғы бірлескен жұмыстың нәтижелерінің бірі — Шардара су қоймасына тұрақты су келімін қамтамасыз ету болды.

Министрлік мәліметінше, 2026 жылғы 1 сәуірден бастап Шардара су қоймасына шамамен 3 млрд текше метр су түскен. Бұл көрсеткіш өткен жылғы көлемнен де, көпжылдық орташа деңгейден де жоғары.

Вегетациялық кезең аяқталғанға дейін су келімінің одан әрі жалғасуы күтілуде.

Қазіргі уақытта Сырдария бассейнінде су шаруашылығы жағдайы қолайлы. Ауыл шаруашылығына қажетті су штаттық режимде беріліп жатыр. Бұл суару жұмыстары қызған кезеңде аграрлық секторды тұрақты сумен қамтамасыз ету үшін маңызды.

Автоматтандырылған су есебі жүйесін енгізу өңірдегі су шаруашылығын жаңғыртудың маңызды кезеңдерінің бірі болмақ. Цифрлық технологиялар суды есепке алудың дәлдігін арттырып, мемлекеттер арасындағы су бөлінісін тиімді бақылауға және трансшекаралық су ресурстарын басқаруды жақсартуға мүмкіндік береді.

МСШҮК-тің 95-отырысы Түрікменстанда өтеді. Онда Орталық Азия елдері бірлескен жобалар мен су ресурстарын тұрақты басқару мәселелерін талқылауды жалғастырады.

Наверх