Таиландта оқушы алдымен атасы мен әжесін, кейін бес мұғалімді атып өлтірген

Оның қылмыс жасауына не себеп болғаны әзірге белгісіз.

 depositphotos.com 8 Тамыз 2026, 01:26
8 Тамыз 2026, 01:26
182
Фото: depositphotos.com

Таиландта 14 жастағы оқушының үйі мен мектепте қарудан оқ атуы салдарынан кемінде жеті адам қаза тауып, 23 адам жарақат алды. Оқиға Бангкок маңындағы Нонтабури провинциясында болды, деп хабарлады ВВС.

Таиланд премьер-министрі Анутин Чарнвиракулдің мәліметінше, Дебсирин мектебінің оқушысы алдымен атасы мен әжесін, кейін мектептегі бес мұғалімді атып өлтірген. Бұдан соң жасөспірім өзіне қол жұмсаған.

Жарақат алғандардың тоғызының жағдайы ауыр екені хабарланды.

Оқиға жергілікті уақыт бойынша сағат 10:00-ден кейін басталған. Полиция қызметкерлері атыс болып жатқан кезде мектепке келіп, аумақты қоршауға алды. Құтқарушылар мен полиция қызметкерлері мектеп ғимаратында қалған адамдарды қауіпсіз жерге шығарды.

Оқушылардың бірі BBC-ге атыс кезінде мұғалімнің алдында тұрғанын айтып берді. Оның сөзінше, шабуылдаушы бөлмеден бөлмеге ауысып, оқ атқан. Бірнеше оқушы мектеп қоршауынан асып, қашып құтылған.

Билік шабуылдаушының аты-жөнін жариялаған жоқ. Оның қылмыс жасауына не себеп болғаны әзірге белгісіз. Полиция тергеу жұмыстарын жалғастырып жатыр.

Тергеу барысында полицейлер жасөспірімнің үйінен компьютерлік жабдықтар мен басқа да заттарды тәркіледі. Ол ата-анасы ажырасқаннан кейін атасы мен әжесінің қолында тұрған.

Оқиғадан кейін жақын маңдағы бірқатар мектептерде сабақ уақытша тоқтатылды. Оқушыларды үйлеріне ерте қайтару туралы шешім қабылданды. Сонымен қатар Дебсирин мектебі зардап шеккендерге көмек көрсету үшін қан тапсыруға шақырды.

Бұл — Таиландта биыл мектепте болған екінші атыс оқиғасы. Қайғылы жағдай елдегі қару-жарақ айналымын бақылауды күшейту мәселесін қайта көтерді.

Премьер-министр Анутин Чарнвиракул атыс қаруын бақылауға қатысты жаңа заң жобасын әзірлеуге уәде берді. Оның айтуынша, құжат азаматтардың қару алып жүруіне қосымша шектеулер енгізуді көздейді.

Таиландта қаруды заңсыз сақтағаны үшін 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Алайда елде заңсыз айналымдағы қару мәселесі өзекті болып отыр.

Анутин қайғылы оқиғаның болғанына өкініш білдіріп, мұндай жағдайдың қайталанбауы үшін қару айналымын бақылауды күшейту қажеттігін айтты.

Наверх