Жамбыл облысында полицияның тоқтату туралы талабына бағынбай, көлікпен қашпақ болған мас жүргізуші ұсталды. Сот шешімімен ол 7 жылға көлік басқару құқығынан айырылып, 15 тәулікке әкімшілік қамаққа алынды.
Polisia.kz-тің хабарлауынша, патрульдеу кезінде полиция қызметкерлері жол қозғалысы ережесін бұзған Toyota Carina көлігін байқап, жүргізушіні тоқтатуға әрекет жасаған. Алайда 33 жастағы облыс тұрғыны полиция талабына бағынбай, қала көшелері мен бұрылыс жолдар арқылы бой тасалауға тырысқан.
Патрульдік полиция қызметкерлері көп ұзамай жүргізушіні ұстады. Медициналық куәландыру оның алкогольдік масаң күйде көлік басқарғанын растады.
Жүргізушінің айтуынша, ол жұбайымен жанжалдасып, ашуланып көлікке отырған. Осыдан кейін полицияның тоқтау туралы талабына бағынбай, қашуға әрекет жасаған.
Оған алкогольдік масаң күйде көлік басқарғаны және полиция қызметкерінің заңды талабын орындамағаны үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылды.
Полицияның мәліметінше, жыл басынан бері Жамбыл облысында көлікті алкогольдік масаң күйде басқарған 923 жүргізуші ұсталған.
Құқық қорғау органдары мас күйінде көлік жүргізу ауыр жол-көлік оқиғаларына, соның ішінде адам өліміне әкелуі мүмкін екенін ескертеді.