Өрт кезінде баласын құтқарған полицейге ата-анасы алғыс білдірді

15 Тамыз 2019, 20:43
1722
Бөлісу:
Өрт кезінде баласын құтқарған полицейге ата-анасы алғыс білдірді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. 12 тамызға қараған түні Нұр-Сұлтан қаласындағы тұрғын үй кешендерінің бірінен өрт шықты, деп хабарлады ІІМ баспаөз қызметі.

Бұл кезде пәтер иесі Жанар Садуақасқызы 14 жасар қызы және қырқынан жаңа шыққан сәбиімен ұйықтап жатқан еді. Шошып оянған ол өртті байқаған бойда дереу өрт сөндірушілерге хабарласады. Күш алған өрттің ішінен өз беттерімен шыға алмайтынын түсінген әйел пәтердің есігін ашық қалдырып, балконға шығып, бар даусымен айқайлап көмек сұрайды.

«Баламның аузын сулы матамен жауып, барынша терең демалуға тырыстым. Алайда, уақыт өткен сайын қара түтіннің ішінде дем алу қиындай түсті. Қасымда 14 жасар қызым болды. Күйеуім Қарағандыдан келе жатқан еді. Бар ойым екі баламды құтқару болды. Қанша уақыт өткені белгісіз, бір мезетте үйге полицейдің кіріп келе жатқанын байқадым. Мен оларды шақырмаған едім, ол қайдан келді деп аң-таң болдым. Кейін анықталғандай, менің көмекке шақырған даусымды естіп, көршілердің бірі полицияға хабарлаған екен. Полиция қызметкері ең алдымен мені сабырға шақырып, ешқандай арнайы техникасыз бізді аман алып шықты. Сол сәтті ойласам, әлі өз-өзіме келе алмаймын. Алғысымды қалай жеткізерімді білмеймін. Дінмұхамед секілді тәртіп сақшыларының қатары көбейе берсін. Оның ержүректігінің, батылдығы мен кәсібилігінің арқасында аман қалдық. Оның серіктесі де рация арқылы жағдайды бақылауда ұстап, бағдар беріп тұрды. Біз осы екі полицейге мың алғыс білдіреміз», - дейді Жанар Садуақасқызы.

Өрт кезінде батылдық танытқан полицейлер – Нұр-Сұлтан қаласы Полиция департаменті Патрульдік полиция полкінің қызмет инспекторлары полиция аға лейтенанты Дінмұхамед Масадықов пен полиция аға лейтенанты Ернат Ақанов екені кейін анықталды.

«Үйде кішкентай бала барын білген кезде, бар ойым сәбиді аман алып шығу болды. Өйткені үлкен адамдар өрт сөндірушілер келгенше шыдай алар еді, ал бөбектің аман қалуы екіталай. Қолымнан келгенін жасап, ең бастысы анасын сабырға шақырдым. Бәрінің дін аман шыққанына қуанамын», - дейді батыр сақшы Дінмұхамед.

Өзгелердің жаңалығы