Қонақ үйде өрт шығып, 30-дан астам спортшы бала құтқарылды

16 Маусым 2019, 14:56
1949
Бөлісу:
Қонақ үйде өрт шығып, 30-дан астам спортшы бала құтқарылды

Атырау, BAQ.KZ. Атырауда қонақ үйде өрт шығып, 30-дан аса спортшы бала эвакуацияланды. Бұл туралы ҚР ІІМ ТЖК баспасөз қызметі хабарлады.

Атырау қалалық 101 кезекші пультіне 16 маусымда 01:19-да Әуезов көшесінің бойында орналасқан қонақ үйде өрт шыққаны туралы хабар түскен.  

"Ғимараттың жертөлесінде орналасқан саунаның пар бөлмесінде өрт шыққан. Оқиға орнына жеткен өрт сөндірушілер сатымен үш баланы құтқарып, 31 адамды эвакуациялаған, оның ішінде 29-ы балалар", - делінген ТЖ Комитетінің хабарламасында. 

Эвакуацияланған балалар Орал қаласынан жарысқа келгені анықталды. Өрт 02:33-те толығымен сөндірілді. Өрт аумағы - 9 шаршы метр. Зардап шеккендер мен қаза тапқандар жоқ. 

Өрттің неден шыққаны анықталып жатыр. Өрт сөндіруге Атырау облыстық төтенше жағдайлар департаментінің 26 маманы мен бес арнайы техника жұмылдырылған. Сондай-ақ, 20 полицей мен алты арнайы техника көмекке келген.

Өзгелердің жаңалығы