Қордайдағы төбелес. 80-дегі қарттың жамбасы сынды деген ақпарат бар – Абаев

8 Ақпан 2020, 13:30
2691
Бөлісу:
Қордайдағы төбелес. 80-дегі қарттың жамбасы сынды деген ақпарат бар –  Абаев

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Жамбыл облысының Қордай ауданындағы жаппай төбелес кезінде 80 жастағы ақсақалдың жапа шеккені туралы ақпарат тарап жатыр. Осыған байланысты ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев пікір білдірді. 

Министрдің айтуынша, қарттар мен балаларға шабуыл деген ақпарат шындыққа сай келмейді. Алайда Абаев жаппай төбелес кезіндегі 80 жастағы ер адамның жамбас сүйегі сынғанын растады.
Ондай нұсқа бар. Бұл тұрмыстық шиеленіс. Ал нақты қандай шиеленіс болғанын енді анықтаймыз, - дейді Дәурен Абаев. 
Оның айтуынша, түнде құқық қорғау органдары елді тыныштандырып, ауылдардағы жағдайды тұрақтандырумен айналысқан. Сондықтан аймақта төтенше жағдай режимі енгізілмеген. 
Әлі ешқандай төтенше жағдай енгізілген жоқ. Алматы және басқа аймақтардағы жағдай тұрақты, - дейді  министр. 

Еске түсіре кетейік, 7 ақпан күні Жамбыл облысы Қордай ауданындағы Сортөбе ауылында патрульдік полиция "Honda Odyssey" маркалы көлікті тоқтатқан. Ресми мәліметке сәйкес, көліктің мемлекеттік нөмірі талаптарға сай болмаған. Тексеру кезінде басқа да заңбұзушылық бары анықталған. Автокөліктегілер полиция қызметкерлерінің учаскелік бекетке бару талабын орындамай, қашып құтылуға тырысқан. Солайша, өз үйлеріне қашып келген. Үйде туыстары көмектесіп, полицейлерге шабуылдаған. Оқиға куәгерлері болған жайтты видеоға түсіріп, мессенджерлер мен әлеуметтік желі арқылы таратқан. Осыдан соң ел жиналып, арты жаппай төбелеске ұласқан. 

Масанчи ауылында 2009 жылғы халық санағы бойынша 13 606 адам тұрады. Соның ішінде 90% – дүнгендер, 5% ғана – қазақтар, тағы 5 %  – орыстар.


Өзгелердің жаңалығы