Оразкүл Асанғазы: Тілегім – тіл мерейі

13 Наурыз 2022, 18:20
2161
Бөлісу:
Оразкүл Асанғазы: Тілегім – тіл мерейі
PHOTO
Фото: автордан

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Жастар театрында мемлекет және қоғам қайраткері, тіл жанашыры Оразкүл Асанғазықызының 70 жасқа толуына орай «Тілегім – тіл мерейі» атты кеш өтті. Мерейтойға арналған іс-шараны Нұр-Сұлтан қаласының Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы ұйымдастырды.

Кештің мақсаты – Елордада мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту және қаламыздың тарихында мәңгілік сақталатын ономастика саласында жүргізілген жұмыстарды халыққа насихаттау. Сондай-ақ Оразкүл Асанғазықызының ел мүддесі үшін жасаған еңбегінің өнегелі тұстарын көрсету. 

Оразкүл Асанғазы: Тілегім – тіл мерейі

Іс-шарада ҚР Парламент Сенатының депутаты Дана Нұржігіт О. Асанғазықызымен сұхбаттасты. Ана тілі мен ұлттық рух туралы әдемі әңгіме барысында Дана Нұржігіт мерейтой иесіне алғысын білдірді.

Бүгін – тарихи күн. Тарихи тұлғаның жүріп өткен дара жолының күні. Осындай мерейтой, қуаныш күні рухани шара ұйымдастырылып отыр. Тіл мәртебесін асқақтатып, биіктетіп жүрген апамызға мың да бір алғыс айтамыз. Сіздің жолыңызды берсін дейміз. Оразкүл Асанғазықызының мектебінен шығып, «Парламент партасында» ізін жалғап жүрміз. Сондықтан бүгінгі кеш мен үшін де өте ерекше, – деді  Дана Нұржігіт.

 

Оразкүл Асанғазы: Тілегім – тіл мерейі

Кеш барысында Қ. Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық-драма театры әртістерінің қатысуымен театрландырылған қойылым сахналанады және Бағдат Сәмединова, Сәуле Желдібаева, Клара Төленбаева, Маржан Арапбаева сынды әншілер өнер көрсетті. 

Іс-шараға зиялы қауым өкілдері, мекеме басшылары, ардагерлер, мәдениет қызметкерлері және т.б. қатысты. Сондай-ақ елорда әкімі Алтай Көлгінов құттықтау хатын жіберіп, кеш иесін мерейтойымен құттықтады.

Оразкүл Асанғазы: Тілегім – тіл мерейі

Кеште Оразкүл Асанғазықызының қайраткерлік қызметі мен ұлттық құндылық жолындағы игі істері айтылып, «Тектіден текті туады» кітабының тұсауы кесілді.

Қуанышқа ортақтасып келген халықтың көптігінен театр залында ине шаншыр жер қалмады. Кеш соңында Оразкүл Асанғазықызы өзіне көрсетілген құрметке ризашылығын білдіріп, алғысын айтты.

Оразкүл Асанғазы: Тілегім – тіл мерейі

Бұл кеш маған ғана көрсетіліп отырған құрмет емес, бұл қазақ тіліне жасалған қамқорлық деп білемін. Ұлтымыздың ең үлкен байлығы – ол тілі мен діні. Оны ардақ тұту – барлық азаматтың борышы. Тіл тәуелсіз болмай, сана да тәуелсіз болмайды. Көше атауларын қазақшалау да - рухты оятатын игілікті іс. Ендеше, бұл жұмыс жаңа Қазақстанда да жаңаша бағытпен өз жалғасын табуы керек, – деді ол көрермендерге де өз ықыласын білдіріп.

Оразкүл Асанғазы: Тілегім – тіл мерейі

Аружан АЛПЫСБАЙ

Өзгелердің жаңалығы