Оразалин Ақтөбеде іске асырылатын кешенді жоспарды таныстырды

25 Қаңтар 2022, 11:59
1445
Бөлісу:
Оразалин Ақтөбеде іске асырылатын кешенді жоспарды таныстырды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Ақтөбе облысының әлеуметтік-экономикалық дамуының 2022-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарының жобасы өзектендірілді.

Бұл туралы Үкімет отырысында Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин мәлімдеді. 

Оның айтуынша кешенді жоспарды іске асыру тиісті мемлекеттік органдармен келісілді. 

Кешенді жоспар жалпы сомасы шамамен 1,7 трлн теңге болатын 6 бағыт бойынша 98 тармақты іске асыруды көздейді. Кешенді жоспардың жаңа жобасына халықтың әлеуметтік осал топтары мен көпбалалы отбасылар үшін тұрғын үй салу, денсаулық сақту нысандарының құрылысы және білім беру нысандарын жаңғырту сияқты әлеуметтік жобалар қосылды, - деді Оңдасын Оразалин.

Оның атап өтуінше, жаңа жұмыс орындарын құру мен инвестициялар тарту мақсатында ірі инвестициялық жобаларды іске асыру жоспарланып отыр. 

Жаңартылған энергия көздерін дамыту бөлігінде жел электр станциясын және титан-цирконий кендерін қайта өңдеу жөніндегі тау-кен байыту кешенін салу, сондай-ақ өңдеу саласына баса назар аудара отырып, басқа да маңызды жобаларды жүзеге асыру қарастырылған. Бұдан басқа, шетелдік инвесторларды тарта отырып, өңір аумағында ерекше индустриялық аймақ құру жоспарланған. Оның аумағындағы кәсіпорындардың 70 пайызы экспортқа бағытталатын болады. Онымен қоса агроөнеркәсіптік кешен саласында да бірқатар инвестициялық жобаларды іске асыру көзделген. Атап айтқанда, құс фабрикасының құрылысы, 2 мың бас ірі қара малға арналған екі бордақылау алаңы, 800 бас ірі қара малға арналған екі сүт-тауар фермасы және басқа да жобалар қамтылған. Нәтижесінде, кешенді жоспарға сәйкес 2025 жылға дейін шамамен 1,2 трлн теңгеге инвестициялық жобалар іске асырылатын болады, - деді облыс әкімі.

Сондай-ақ әкім өз мәлімдемесінде, Үкіметтің қолдау көрсетуі бағытында өңірде көптеген жобаларды іске қосу жоспарланғанын, соның ішінде 2025 жылға дейін кешенді жоспарға сәйкес республикалық бюджеттен шамамен 340 млрд теңге көзделгенін атап өтті.

Автожол құрылысын жүргізу, 85 ауылды газдандыру, 33 ауылды сумен қамтамасыз ету ескерілген. Сонымен қатар, тұрғын үй құрылысының 10 мыңнан астам учаскесіне инженерлік-коммуникациялық желілер жүргізу жобалары жоспарланған, -деді Ақтөбе облысының әкімі Оразалин.

Өзгелердің жаңалығы