Оралда жасөспірімдер жүріп бара жатқан автобустың артына жармасты: Ата-аналары жазаланды

8-9-сынып оқушылары автобустың артқы бөлігіне жабысып, қауіпті әрекетке барған. Олардың бұл қылығы ата-аналарына қалай әсер етті?

4 Қараша 2026, 20:57
АВТОР
 ҚР ІІМ 4 Қараша 2026, 20:57
4 Қараша 2026, 20:57
121
Фото: ҚР ІІМ

Орал қаласында үш оқушы жүріп бара жатқан автобустың салонына кірмей-ақ, оның артқы бөлігіне жармасып, қауіпті әрекетке барған. Жасөспірімдер көлік құралының артқы жағындағы құрылымнан ұстап, аяқтарымен тіреліп тұрған. Абырой болғанда, оқиға салдарынан ешкім зардап шеккен жоқ. Алайда балалардың ата-аналары әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Оқиға 3 қараша күні сағат 18:30 шамасында Орал қаласындағы Абай даңғылында болған. Polisia.kz мәліметінше, жасөспірімдер №22 бағыттағы автобусқа жармасқан.

Оқиға туралы ақпарат тарағаннан кейін полиция қызметкерлері бейнежазбаны зерделеп, оны мектеп инспекторларына жолдаған. Көп ұзамай видеодағы балалардың қала мектептерінің бірінде оқитын 8-9-сынып оқушылары екені анықталды.

Полиция қызметкерлері білім беру мекемесінің әкімшілігімен бірлесіп, жасөспірімдер мен олардың ата-аналарын профилактикалық әңгімеге шақырды. Оқушыларға мұндай қауіпті әрекеттің соңы қандай жағдайға әкелуі мүмкін екені түсіндірілді. Ал ата-аналары әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Полиция өкілдері жүріп бара жатқан автобусқа немесе басқа да көлік құралдарына жармасу өте қауіпті екенін ескертті. Мұндай әрекет салдарынан адам жолдың үстіне құлап, ауыр жарақат алуы немесе тіпті қаза табуы мүмкін.

Ведомство өкілдері ата-аналарды балаларының қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарауға және оларға жол қозғалысы ережелерін түсіндіруге шақырды.

Наверх