Орал әуежайына Мәншүк Мәметованың есімі берілді

28 Наурыз 2022, 13:08
2745
Бөлісу:
Орал әуежайына Мәншүк Мәметованың есімі берілді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Орал халықаралық әуежайына Кеңес Одағының Батыры Мәншүк Мәметованың есімі берілді, деп хабарлады ҚазАқпарат.

БҚО тілдерді дамыту басқармасы мәлім еткеніндей, әуежайға М.Мәметованың есімін беру туралы ҚР Үкіметінің 18 наурыздағы қаулысы шықты.

Қаулы шыққан күннен бастап күшіне енді.

Мәншүк Мәметова 1922 жылы Батыс Қазақстан облысы Бөкей ордасы ауданында дүниеге келген. Әкесінің есімі – Жеңсігәлі (көптеген деректерде Жиенғали деп қате жазылып кеткен), анасы – Тойылша.

Мәншүкті кішкентай кезінде Жеңсігәлінің немере інісі, белгілі Алаш қайраткері, қазақтан шыққан алғашқы дәрігерлердің бірі, ақын, ағартушы Ахмет Мәметов асырап алады. Анасы Әмина Сүлейменова да – қазақ оқығандарының бірі.

1938 жылы А.Мәметов «халық жауы» атанып ұсталып кеткеннен кейін Мәншүк әкесін қалайда ақтап аламын деп, майданға аттанған. Содан пулеметші қыз 1943 жылы 16 қазанда қаһармандықпен қаза тапқан. Оған 1944 жылы Кеңес Одағының Батыры атағы берілді.

Биыл Батыс Қазақстан облысында Мәншүк Мәметованың 100 жылдығына арналған іс-шаралар өтеді.

 

Өзгелердің жаңалығы