Оқушыларға арналған «Ұлағатты ұрпақ» порталы жаңа сабақтармен толықты

25 Наурыз 2022, 13:30
1824
Бөлісу:
Оқушыларға арналған «Ұлағатты ұрпақ» порталы жаңа сабақтармен толықты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. «Ұлағатты ұрпақ» мәдени-білім беру жобасы Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігінің ұйымдастыруымен 2020 жылғы қазан айында іске қосылған. 

Сол уақыттан бері оқушыларға  madeni-m.kz сайтында  музыкалық өнер, театр өнері, киноматография, бейнелеу өнері және Қасиетті Қазақстан атты 5 бағыт бойынша қазақ және орыс тіліндегі бейне-дәрістерге еркін қол жеткізуге мүмкіндік берілген, - делінген «Ұлағатты ұрпақ» мәдени-білім беру сайтының хабарламасында.

Әр бейне-дәріс ұзақтығы 10-15 минуттан тұрады. Бұл ыңғайлы қысқаша онлайн-форматта 1-11 сыныптарының оқушылары үшін әзірленген.

Жобаның мақсаты – бәсекеге қабілетті қазақстандық оқушылардың мәдени-адамгершілік қасиеттерін дамыту. Балалар мен жастарды көркем мәдениет пен өнерді зерттеуге қызықтыру, талабын ояту. Оқушыларды ұлттық мәдени құндылықтарды игеруге ынталандыру және өскелең ұрпақты мәдени жетілдіру.

2021-2022 оқу жылының III тоқсанында «Ұлы тұлғалар. Мерейтойлық күнтізбе» - «Великие личности. Календарь знаменательных и юбилейных дат» жаңа бағыты бойынша бейне дәрістер порталға енгізілді. Бұл бағытта оқушылар үшін еліміздің дамуына зор үлес қосқан көрнекті тұлғалардың айтулы және мерейтойлық күндеріне арналған бейнесабақтар бар.

Сонымен қатар қыш, киіз, қолданбалы өнер, зергерлік бұйымдар жасау бойынша шеберлік сыныптары да порталдан орын алған.

Жыл басынан бастап ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің ведомстволық бағынысты ұйымдары қызметкерлерінің, шығармашылық жоғары оқу орындарының профессор-оқытушылық құрамының қатысуымен сабақтардың бейнетүсірілімі өтіп жатыр.

Жобаға Қазақстанның Халық артисі Гаухар Мырзабекова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Болат Әбділманов, Толқын Зәбирова, Әділ Ахметов,  Қазақстан киносыншылары ассоциациясының президенті Гаухар Әбікеева, профессор Қазақстанның суретшілер одағының мүшесі Ольга Батурина және мәдениет пен өнердің басқа да өкілдері қатысқан.

Президент 2022 жылды – Балалар жылы деп жариялады. Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде балалардың үйлесімді дамуы мен бақытты балалық шағы – біздің жалпыұлттық міндетіміз, - деп баса айтты. Мәнді мәдениет пен өнегелі өнерді бойына сіңірген жас ұрпақты тәрбиелеуде бұл жобаның берері мол.

 

Өзгелердің жаңалығы