Қазақстанда мектептер оқушылардың сабақ кезінде мобильді телефондарын қайда қалдыратынын өздері анықтайды. Бұл туралы Үкіметтегі брифингте Оқу-ағарту бірінші вице-министрі Шынар Ақпарова мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Оның айтуынша, оқу процесі кезінде оқушыларға телефон пайдалануға болмайды. Тек бұл оқу жоспарында қарастырылған жағдайда ғана қолдануға рұқсат етіледі.
Егер қысқа мерзімді жоспарда қарастырылмаса, бала оқу процесі кезінде ұялы телефон қолданбайды, – деді Шынар Ақпарова.
Бұл ретте оқушы телефонды сабақ алдында нақты кімге тапсыруы керектігі жөнінде бірыңғай талап болмайды. Мұндай ұйымдастырушылық мәселелерді әр мектеп өз жағдайына қарай дербес реттейді.
Телефонды кімге тапсыру керек – мұғалімге бере ме, әлде сыныпта қалдыра ма, мұның бәрін білім беру ұйымы өзінде жасалған жағдайға байланысты нақты белгілейді. Телефондар сыныпта арнайы жерде сақталуы мүмкін немесе бөлек жәшіктер қойылуы ықтимал, – деп түсіндірді бірінші вице-министр.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанда оқушыларға үзіліс кезінде телефон қолдануға рұқсат етілетіні хабарланды.
Сондай-ақ, Оқу-ағарту министрлігі Қазақстан мектептерінде БЖБ мен ТЖБ қалай өзгеретінін түсіндірді.