Оқу-ағарту министрлігі Қазақстан мектептерінде БЖБ мен ТЖБ қалай өзгеретінін түсіндірді

Оқу-ағарту министрлігі жаңа модель оқушыларға түсетін жүктемені азайтуы тиіс екенін мәлімдеді.

 ©BAQ.KZ архиві/Артем Чурсинов 18 Тамыз 2026, 12:01
18 Тамыз 2026, 12:01
120
Фото: ©BAQ.KZ архиві/Артем Чурсинов

Қазақстанда оқушыларды критериалды бағалау тәсілі өзгереді. Бастауыш сынып оқушылары енді әр тоқсанның соңында ТЖБ тапсырмайды. Бұл туралы Үкіметтегі брифингте Оқу-ағарту бірінші вице-министрі Шынар Ақпарова мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Ол критериалды бағалау жүйесінің өзі жойылмайтынын, тек бағалау тәсілі өзгеретінін атап өтті.

Критериалды бағалау жойылмайтынын атап өткім келеді. Қазіргі уақытта біз тек критериалды бағалау тәсілін өзгертіп жатырмыз, – деді Шынар Ақпарова.

Оның айтуынша, бұған дейін оқушылар әр бөлімнен кейін БЖБ, ал әр тоқсанның соңында ТЖБ тапсыратын. Енді қорытынды бағалауға деген тәсіл қайта қаралады.

Егер бұрын әр бөлімнен кейін БЖБ, ал әр тоқсанның соңында ТЖБ тапсырса, енді балалар тоқсандық жиынтық бағалауды, яғни ТЖБ-ны тапсырмайды, – деп түсіндірді бірінші вице-министр.

Бұл ретте қалыптастырушы бағалау сақталады. Сондай-ақ бөлімдерді меңгергеннен кейін аралық бағалау қарастырылады, ал тоқсандық қорытынды баға оқушының оқу барысындағы нәтижелері ескеріле отырып қойылады.

Ақпарованың айтуынша, өзгерістер оқушыларға түсетін жүктемені азайтуға да бағытталған.

Керісінше, біз мұнда жүктемені азайтып отырмыз. Балалардың дәптерде жұмыс істеуіне, өз бетінше тапсырма орындауына мүмкіндік беру үшін жазбаша жұмыстарға көбірек көңіл бөлеміз. Сондай-ақ мұғалімнің әр баламен жеке жұмыс істеуіне көбірек мүмкіндік болады, – дейді ол.

Бірінші вице-министр бағалар ақпараттық жүйеге енгізілетінін, ал ата-аналар баланың дәптердегі жазбаша жұмыстарының нәтижесін көбірек көре алатынын да айтты.

Сонымен қатар қалыптастырушы бағалауға деген тәсіл өзгереді. Оқушы тоқсан ішінде пән бойынша жалпы тақырып санының кемінде 30%-ы бойынша баға алуы тиіс.

Министрлік өкілінің айтуынша, бұл қорытынды бағаны жекелеген нәтижелерге ғана сүйеніп қоймай, баланың бүкіл оқу кезеңіндегі жұмысын ескеруге мүмкіндік береді.

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанда оқушыларға үзіліс кезінде телефон қолдануға рұқсат етілетіні хабарланды

Наверх