Оқушылар қыркүйектен бастап жаңа сабақ оқиды

7 Маусым 2022, 16:10
13396
Бөлісу:
Оқушылар қыркүйектен бастап жаңа сабақ оқиды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Жаңа оқу жылынан бастап оқушылар «Патриотизм және жаһандық құзыреттер» атты курсты оқи бастайды. 

Бұл туралы БҒМ аппарат жиналысында Ы.Алтынсарин атындағы ұлттық білім академиясының президенті Мәдина Тыныбаева мәлімдеді.

«Патриотизм және жаһандық құзыреттер» курсы 5-11 сынып оқушыларына арналған. Оның мақсаты – баланың талдау қабілеті мен шеберлігін дамыту. Бүгінгі күні бұл жаңа жоба өңірлік әдістемелік орталықтарға танысу үшін жіберілді. Сол сияқты жаңа курсқа қатысты түсіндіру жұмыстары жүріп жатыр, - деп айтты Мәдина Тыныбаева.

Оның айтуына қарағанда, мектеп оқушыларына арналған жаңа курс 2022-2023 оқу жылында қолданысқа енгізілгелі отыр.

«Патриотизм және жаһандық құзыреттер» курсы 5-9 сыныптарда мынадай салаларды қамтиды:

- «Парасаттылық және әдеп»

- «Экология мәдениеті»

- «Азаматтық және патриотизм»

- «Өмір қауіпсіздігінің негіздері»

- «Медиа және қаржылық сауаттылық».

Еске сала кетейік, бұған дейін министр Асхат Аймағамбетов 1-сынып оқушыларының тілді оқуында өзгерістер болатынын мәлімдеген болатын.

Зерттеулер мен талдаулар жүргізгеннен кейін біз бірінші сынып оқушысына бірден 3 тілді меңгеру қиын екенін көрдік. Енді қазақ тілінде оқитын мектептерде 1-сынып оқушысы бір ғана тілді, яғни қазақ тілін меңгереді. Біз баланың алдымен өз ана тілінде оқуды және жазуды үйренуі үшін тиісті жұмыс жүргізіп жатырмыз. 2-сыныпта бағдарламаға орыс тілі, 3-сыныпта ағылшын тілі қосылады. Орыс тілінде оқитын мектептерде 1-сыныпта орыс тілі мен мемлекеттік тіл, ал 3-сыныптан бастап ағылшын тілі болады. Әдістеме тұрғысынан алып қарағанда, бұл – дұрыс бағыт. Мұндай зерттеулер мен ұсыныстар бұрын да болған, сол себепті оны енгізуді жоспарлап отырмыз, - деген болатын бас ұстаз.

Өзгелердің жаңалығы