Оқушылар қалай амандасуы керек? Қазақстанда жаңа әдістемелік ұсыныс әзірленіп жатыр

Оқушылардың амандасу әдебі бойынша әдістемелік ұсыныстар әзірленеді.

12 Қазан 2026, 14:21
АВТОР
 Оқу-ағарту министрлігі 12 Қазан 2026, 14:21
12 Қазан 2026, 14:21
144
Фото: Оқу-ағарту министрлігі

Құрылтай депутаты Ерлан Сайырдың білім алушылардың амандасу әдебіне қатысты депутаттық сауалына Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова жауап берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Министрліктің мәліметінше, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Түркістанда өткен Ұлттық құрылтайдың ІІ отырысында берген тапсырмасына сәйкес «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы әзірленген. Бағдарлама Оқу-ағарту министрінің тиісті бұйрығымен бекітілген.

Бағдарлама аясында білім алушылардың бойында ұлттық және жалпыадамзаттық құндылықтарды қалыптастыруға, мәдени мінез-құлық пен әдеп нормаларын сақтауға, жауапкершілік пен өзара құрметті дамытуға бағытталған тәрбие жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Оның негізгі құндылықтары – тәуелсіздік пен патриотизм, бірлік пен ынтымақ, әділдік пен жауапкершілік, заң мен тәртіп, еңбекқорлық пен кәсіби біліктілік, жасампаздық пен жаңашылдық.

Бүгінде «Адал азамат» бағдарламасы елдегі барлық 20 877 білім беру ұйымында жүзеге асырылуда. Оның ішінде 12 066 мектепке дейінгі ұйым, 8 048 мектеп және 763 колледж бар.

Министрлік білім алушылардың амандасу әдебін қалыптастыру мәселесін ұлттық мәдениет пен дәстүрді дәріптеу, үлкенді құрметтеу, кішіге ізет көрсету, өзара сыйластық пен әдептілік құндылықтарын орнықтыру тұрғысынан маңызды деп санайды.

Осы бағытта Оқу-ағарту министрлігінің Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы ғалымдар, сарапшылар және азаматтық қоғам өкілдерінен жұмыс тобын құрған.

Білім алушылардың амандасу әдебіне байланысты әдістемелік ұсынымдар әзірлеу жұмыстары жүргізіліп жатыр, – делінген министр жауабында.

Ведомствоның хабарлауынша, ұсынымдарды әзірлеу кезінде білім беру процесіне қатысушылардың, мүдделі тараптардың және мемлекеттік органдардың ұсыныстары мен пікірлері ескеріледі. Сонымен қатар құжат депутаттармен қосымша талқыланады.

Наверх