Оқушылар халықаралық олимпиададан 4 қола медаль жеңіп алды

31 Шілде 2020, 17:07
1845
Бөлісу:
Оқушылар халықаралық олимпиададан 4 қола медаль жеңіп алды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстанның құрама командасы химия пәнінен Халықаралық олимпиадаға қатысты (International Chemistry Olympiad-IchO). Олимпиада қорытындысы бойынша құрама команда 4 қола медаль жеңіп алды. 

Covid-19 коронавирустық инфекция пандемиясы жағдайында халықаралық жарыс қашықтан өтті, деп хабарлады БҒМ баспасөз қызметі.

Олимпиадаға әлемнің 60 елінен 200-ден астам оқушы қатысты. Қазақстан осы турнирге іріктеу турлары мен Менделеев олимпиадасының жалпы рейтингісінің нәтижелері бойынша құрама команданың мүшесі болған 4 конкурсантты ұсынды.

Олимпиада қорытындысы бойынша құрама команданың барлық мүшесі қола медальға ие болды. Жеңімпаздар қатарында – Павлодар қаласы химия-биология бағытындағы "Назарбаев Зияткерлік мектебі" ДББҰ-ның оқушысы Қайырбек Хайдар – қола медаль; Нұр-Сұлтан қаласы химия-биология бағытындағы "Назарбаев Зияткерлік мектебі" ДББҰ-ның оқушысы Мужубаев Әбілмансұр – қола медаль; Сейсенқұл Бақдәулет (Нұр-Сұлтан қаласы дарынды ер балаларға арналған "Білім-инновация" лицей-интернатының оқушысы) – қола медаль; Алматы қаласы "Galaxy" халықаралық мектебінің оқушысы Абдугафарова Кибриянур – қола медаль.

Құрама команданың жаттықтырушылары – Қ.И. Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінің химиялық инженерия магистрі Ернұр Төлеп пен "Назарбаев Университетінің" магистранты Әзім Аманжоловтың жұмысының арқасында қазақстандық оқушылар химия пәнінен 52-халықаралық олимпиадада елімізді лайықты деңгейде көрсете білді.

Жалпы Халықаралық химиялық олимпиада (International Chemistry Olympiad-IChO) – бұл дарынды оқушыларға арналған химия пәні бойынша жыл сайынғы халықаралық олимпиада.

Өзгелердің жаңалығы