Оқушылардың 23% ғана мектептен тыс ұйымдарда ақысыз білім алады

11 Желтоқсан 2019, 16:33
9506
Бөлісу:
Оқушылардың 23% ғана мектептен тыс ұйымдарда ақысыз білім алады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. "Білім-Инновация" халықаралық қоғамдық қорының вице-президенті Ержан Әубәкіров оқушылардың мектептен тыс ұйымдарда қосымша білім алуына жағдай жасау үшін мемлекеттік тапсырысты қолға алу қажет екенін айтты.

Біздің лицейлер толық күндік мектептер болған соң, әр оқушы өз қызығушылықтары бойынша үйірме таба алады. Жалпы білім беретін мектептерге тоқталсақ, олардың көпшілігінде балалар екі ауысымда оқиды және мектеп қабырғасында қосымша білім алуға мүмкіндіктері шектеулі. Мұнда қосымша білім беру орталықтарының, оқушылар сарайының және т.б. ұйымдардың маңызы өте зор. Бүгінде мектептен тыс ұйымдардағы балалардың тек 22,5%-ы ақысыз негізде қосымша білім алады. Осыған байланысты қосымша білім беру ұйымдарында мемлекеттік тапсырысты қолға алу қажет. Осы мәселе бойынша қолдау сұраймыз, - деді Әубәкіров. 

Ол балалар мен жасөспірімдер қылмысы, суицид жағдайларының өсуіне байланысты мектептерде тәрбие жұмысын күшейту өте маңызды екенін атап өтті. 

Осыған байланысты білім алушыларға оқу тәрбие процесінде түбегейлі жаңа көзқарастар қажет. Білім берудің жаңартылған мазмұны бағдарламасы оқушының қажеттіліктеріне дер кезінде жауап береді. Осы орайда ата-аналар мен лицей педагогтары арасындағы кері байланыстың табысты тәсілімен бөліскім келеді. Әр оқу тоқсаны басында лицейлердің педагогикалық ұжымы, пән мұғалімдері әрбір ата-анамен жеке кеңес беру түрінде ата-аналар жиналысын өткізеді. Кездесу барысында оқушылардың бақылау жұмыстары мен оқу материалдарын меңгеру талданады. Педагогтар ата-аналарға келесі тоқсанда неге көңіл беру керек екені туралы кеңес береді. Ата-анамен кездесу кері байланыстың жақсы тәсілі. Бұл мүдделі тараптардың ортақ атмосферасын құрып, ата-аналарды тәрбие процесіне белсенді қатысуға шақырады, - деді халықаралық қоғамдық қордың вице-президенті.

Өзгелердің жаңалығы