Оқушы сұрағы жауапсыз қалмауы керек - ұстаз

20 Қаңтар 2024, 09:08
2919
Бөлісу:
Оқушы сұрағы жауапсыз қалмауы керек - ұстаз
Фото: кейіпкердің жеке мұрағатынан

Ұстаз үшін жасөспірім балаларға білім беріп, олармен тіл табысып, түсінісу оңай емес. Оны қазіргі ата-ана да, ұстаз да жақсы біледі. Жас жеткіншектерді тәрбиелеудің ерекше тұстары туралы Қадыр Мырза Әлі атындағы BINOM SCHOOL мектеп-лицейінің ұстазы Ақмарал Сатыбалдықызы өз сұхбатында айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

- Қазіргі оқушылардың есте сақтау қабілеті қалай? Зейін қойып тыңдау әдетте неше минутқа созылады?

- Зейін қойып тыңдау бойынша айтарым бастауыш сыныптарда белсенді зейіннің уақыты 15-20 минут болса, орта сынып оқушылары үшін 20-30 минутты құрайды. Жалпы оқушылар арасында есте сақтау қабілеті жақсы балалар бар, десек те көп жағдайда оның деңгейі төмендегенін байқаймыз. Көп ұстаздар да осыны байқаған. Ал оның себептерін ғылыми тұрғыдан зерттеген дұрыс болар. Өйткені жалпы баланың есте сақтау қабілеті мен зейінін не әлсіретуі мүмкін деп зерделей қарасақ, ойға бірден интернет, әлеуметтік желі келеді. Өйткені жеке тұлғаның назары көп нәрсеге бөлінген сайын ойы шашыраңқы болады. Зейін тұрақсыздығы сезіле бастайды. Ол - компьютерлік ойындар, түрлі әлеуметтік желі.
Жалпы ғалымдар да ғаламтор сыни ойлау қабілетін азайтып, есте сақтау жағдайына кері әсер ететінін айтып дабыл қағып жатыр. Осыны ата-ана да, ұстаз да естен шығармаған абзал деп ойлаймын.

- Жалпы сынып жетекшісі, ұстаз ретінде жасөспірім балаларды не көп қызықтыратынын байқайсыз?

- Жасөспірім балаларды құрбы-достарымен қарым-қатынас қызықтырады. Әрине бұл барлық жастағы балаға тән қасиет. Адам әлеуметтік тіршілік пен қоғамдағы белгілі бір ортаның мүшесі болғандықтан, қарым-қатынассыз өмір сүре алмайды. Жасөспірім кезде оқушылар үшін құрбыларымен, топпен, ортамен қарым-қатынас ерекше орын алады, араласу оларға ауадай қажет. Достарымен, құрдастармен, жаңа таныстарымен түсіністік орнату, ой-бөлісу, пікірін білдіру маңызды. 

Оқушы сұрағы жауапсыз қалмауы керек - ұстаз

Тағы бір байқағаным, жасөспірімдерді техника қызықтырады, компьютерлік ойындар қызықтырады. Гаджет жайлаған уақыт болды ғой қазір. Қазір көп балада жұмыс компьютері, смартфон, планшет бар. Ал сол гаджеттер мен компьютерге тәуелділік қазіргі балалардың санасын, болмысын дендеп барады. Дүниежүзі психологтары да осыны айтып дабыл қағуда. Жасөспірімдер мұндайға қатты әуестенсе, шынайы өмірмен байланысты үзіп алады. Мұндай кезде ата-ана үшін көп даналық пен төзім кажет. Тіпті қазір белгілі психотерапевт мамандар гаджеттерге деген тәуелділіктен құтылудың жолдарын үйретіп жатқанын көріп, естіп жүрміз.

Қазіргі балаларды сонымен қатар спорт қызықтырады. Ол - өсіп келе жатқан балаларға кедергі келтірмейтін хобби. Жасөспірімдердің әр түрлі спортқа деген қызығушылығы артып келеді. Бұл салауатты өмір салтын белсенді насихаттаудың жағымды тұсы деп ойлаймын. Баласы спортқа қызыққан ата-ана оған барынша қолдау жасағаны дұрыс.
Қазіргі балаларды би мен музыка да қызықтырады. Осы өнер арқылы олар өздерін көрстіп, ішкі эмоцияларын шығара алады.

Жасөспірім бала мен ата-ана, жасөспірім бала мен ұстаз арасындағы қарым-қатынас әр кезде әр-түрлі, соны барынша жетілдіріп, түсіністікті  арттыру үшін не істеген жөн?

Жасөспірімдік шақта оқушы мен мұғалім арасындағы қарым-қатынас мәселесі әдеттен тыс өткір болады. Дәл осы кезеңде ересек адам мен бала қатынасы бұрын жақсы болса да, айтарлықтай нашарлауы мүмкін. Мұндай кезде оқушылардың ойынша, мұғалімге шыншылдық, икемділік, тыңдай білу, сыйластық, өз мамандығын сүю, сабақты қызықты етіп түсіндіре білу қасиетттері қажет. Бірақ мектепте жұмыс істейтіндер бүгінгі балалар үшін жақсы болу қаншалықты қиын екенін жақсы біледі. 

Ұстаз бен жасөспірім арасындағы қарым-қатынасты дұрыс деңгейде сақтап қалу үшін сабырлы, сенімді интонация қажет. Егер мұғалім сабырлы, сенімді дауыспен сөйлейтін болса, қатты ашуланып тұрған жасөпірімнің өзін тыныштандыра алады. Жауап алуда агрессияның болмауы, жанжалға жол бермейді, баланы сабасына түсіруге көмектеседі.

Оқушы сұрағы жауапсыз қалмауы керек - ұстаз

Екіншіден құрмет қажет, құрмет екі жақты болу керек. Егер сіздер жасөспірім пікірімен санаспасаңыз, сынып алдында ұрсып, қорласаңыз өзіңізге қарсылас табасыз. Одан ешкім жеңбейді, жақсы да болмайды. Жасөспірім балалар сынды ұнатпайды, қабылдамайды, жалпы айтылғанды да тікелей өзіне қатысты қабылдауы мүмкін. Сондықтан осы қауіпті межені сезе білу де үлкен біліктілікті қажет етеді. Оқушы мақтауды жақсы көреді. Оның күш-жігерін, тақырып зерттеуін, еңбегін мақтаған жөн. Егер ашуланып тұрса көпшілік жағдайда мәселені шешуді кейінге қалдыру керек. Сол секілді оқушы сұрағын жауапсыз қалдырмаған дұрыс. Бірден жауап бере алмасаңыз келесі сабақта міндетті түрде жауап беретініңізді айтып уәде беріңіз.

Оқушы сұрағы жауапсыз қалмауы керек - ұстаз

Ата-аналар баласымен тең дәрәжеде сөйлесіп үйренуі керек. Әр түрлі мәселе бойынша кеңесіп, ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін өз мысалдарыңызбен айтып түсіндіріңіз. Нұсқау түрінде емес, әңгіме ретінде, өз тәжірибеңізбен бөлісе отырып айтқан абзал.

- Осыдан 10 жыл бұрынғы жасөспірім мен қазіргілердің айырмашылығы бар ма?

- Бүгінгі жасөспірімдер де осыдан он жыл бұрынғы жасөспірімдер секілді. Оларға ең бастысы, қарым-қатынас, өзін іздеу, өз-өзін таныту маңызды. Бірақ қалай десек те, он жыл ішінде әлем қатты өзгерді, бұрын қолжетімді емес нәрсе бүгінде оңай қолжетімді болып тұр. Жоғарыда айтып өткенімдей қазір мобильді ғаламтор, мобильді қосымшалар мен ойындар қатты дамып жатыр. Оны қолданудың да шегі болуы керек. Сондықтан он жыл бұрынғы оқушы мен қазіргі баланың күнделікті бос уақытын өткізудегі айырмашылықтар да осыдан туындайды. Сол уақыт баланың білімі мен денсаулығы үшін барынша пайдалы, әрі тиімді болғаны дұрыс-ақ.

- Сұхбатыңызға рахмет!

Өзгелердің жаңалығы