Әлеуметтік желілерде оқу-жаттығу барысында граната жарылып, бірнеше полиция қызметкері ауыр жағдайда жатыр деген ақпарат тараған болатын. Бұл мәліметке қатысты Алматы қаласы Полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек түсініктеме берді.
Оның айтуынша, оқиға болған күні-ақ қоғамға ресми ақпарат ұсынылған.
Оқиға орын алған сәттен бастап жұртшылыққа жедел түрде ақпарат бердік. Алайда осы жағдайға байланысты түрлі алыпқашпа әңгімелер, болжамдар мен қауесеттер көбейіп кетті. Полицейлердің жаппай жарақат алғаны немесе олардың ауыр халде жатқаны туралы ақпарат шындыққа сәйкес келмейді, – деді Салтанат Әзірбек.
Полиция департаментінің мәліметінше, оқу гранатасы іске қосылған аумақта болған барлық қызметкерге дер кезінде медициналық көмек көрсетілген.
Оқу гранатасының әсер ету аймағында болған азаматтардың барлығына уақтылы медициналық көмек көрсетілді. Қазіргі уақытта олар қызметтерін атқарып жүр. Сондықтан олардың ауыр жағдайда екені туралы ақпарат шындыққа жанаспайды, – деп атап өтті ведомство өкілі.
Айта кетейік, бұған дейін оқу-жаттығу кезінде граната жарылып, бірнеше полиция қызметкері ауыр жарақат алғаны туралы ақпарат тараған болатын.