- Мұқаба
- Жаңалықтар
- Оқу орындарындағы әлімжеттіктің алдын алу: Сарапшы қандай шараларды ұсынады?
Оқу орындарындағы әлімжеттіктің алдын алу: Сарапшы қандай шараларды ұсынады?
26 Қараша 2026, 17:34
Оқу орындарындағы әлімжеттіктің алдын алу үшін тек жазалау шаралары жеткіліксіз. Білім беру ұйымдарында шағымды қабылдау тәртібі, қауіпсіз хабарлау арналары және қысымның қайталануына жол бермейтін жүйелі жұмыс болуы керек. Бұл туралы QazaqExpert Club-тың білім беру саласының сарапшысы Бақытжан Дүйсенова BAQ.KZ редакциясына берген сараптамалық пікірінде айтты.
Сарапшының сөзінше, әлімжеттіктің бір ғана себебі жоқ. Ол көбіне бір оқушының не топтың күші, жасы немесе беделі басым болып, сол басымдықты басқа адамды қайта-қайта кемсіту, қорқыту не оқшаулау үшін қолданған кезде қалыптасады.
Құрдастары мазаққа күліп қосылса, ал ересектер оны «жай қалжың» деп қабылдаса, мұндай мінез-құлық топ ішінде қалыпты көріне бастайды. Сондықтан мәселені тек «үйдегі тәрбиеге» тіреп қою дұрыс емес, – дейді Бақытжан Дүйсенова.
Оның айтуынша, оқу орнында ортақ ереже нақты түсіндірілмесе, қызметкерлер бір жағдайға әртүрлі әрекет етсе, үзілісте не жатақханада кімнің жауапты екені белгісіз болса, әлімжеттіктің алдын алуға мүмкіндік азаяды.
Сарапшы PISA-2025 зерттеуінің нәтижесіне де назар аударды. Зерттеуде Қазақстандағы 15 жастағы қатысушылардың 9 пайызы әлімжеттіктің кемінде бір түріне айына бірнеше рет немесе одан да жиі ұшырағанын айтқан. Ал ЭЫДҰ елдеріндегі орташа көрсеткіш 20 пайыз болған.
Дүйсенова бұл деректер ресми тіркелген оқиғалардың саны емес, оқушылардың өз жауаптары екенін атап өтті. Сондықтан оны барлық жастағы оқушылар мен студенттерге қатысты жалпылауға болмайды.
Әлімжеттік неліктен дер кезінде анықталмайды?
Бақытжан Дүйсенованың пікірінше, әлімжеттікті дер кезінде анықтауға оның әртүрлі ортада жасырын жүруі кедергі келтіреді.
Дәліздегі бір сөзді мұғалім естуі мүмкін, бірақ оның апта бойы қайталанып жүргенін білмеуі ықтимал. Ал топтық чаттағы кемсіту мен әдейі оқшаулау ересектердің көзіне бірден түспейді, – дейді сарапшы.
Ол оқушы не студент қысым күшейеді, оған ешкім сенбейді немесе бәрінің алдында айтуға мәжбүр болады деп қорқуы мүмкін екенін жеткізді. Оқушылардың көмекке жүгінуін зерттеген еңбек те қысымның күшеюінен қауіптену мен ересектердің көмегіне сенбеу хабарлауға кедергі болатынын көрсетеді.
Сарапшының айтуынша, әкімшіліктің міндеті шағымды қабылдаумен ғана шектелмеуі керек. Хабарды тіркеу, қауіп деңгейін дереу бағалау, тараптарды бөлек тыңдау және қысымның тоқтағанын кейін қайта тексеру қажет.
Кәмелетке толмағандарға қатысты хабарды қабылдау және оған ден қою тәртібі №506 бұйрықта белгіленген. Ал осы тәртіпті сақтамаған басшылар үшін Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 127-3-бабында жауапкершілік көзделген.
Бақытжан Дүйсенова университеттерде де ересек студенттер үшін деканаттан бөлек жүгінуге болатын құпия арна және шағымды бейтарап қарайтын тәртіп болғаны жөн деп санайды.
Әлімжеттіктің алдын алу үшін кім не істеуі керек?
Сарапшы оқу орындарындағы қауіпсіз ортаны қалыптастыруға әкімшілік, педагогтер, кураторлар, психологтер мен ата-аналар бірлесіп атсалысуы керек екенін айтады.
Оның пікірінше, әкімшілік оқушыларға кімге және қалай хабарласуға болатынын алдын ала түсіндіруі қажет. Сенімді ересекке тікелей айтуға да, құпия немесе анонимді түрде хабарлауға да мүмкіндік болғаны дұрыс.
Ал педагогтер мен кураторлар кемсітуді көрген сәтте оны тоқтатып, байқалған жайтты жауапты адамға жеткізуі керек. Сонымен қатар оқушыларға әлімжеттіктің куәсі болған жағдайда өзіне қауіп төндірмей, қалай көмек сұрауға болатынын үйреткен жөн.
Психологтің міндеті – жәбір көрген балаға қолдау көрсету және оның өзін қауіпсіз сезінуі үшін не қажет екенін анықтауға көмектесу. Сарапшы қысым көрсеткен оқушымен де мінез-құлқын өзгертуге бағытталған жеке жұмыс жүргізу қажет екенін атап өтті. Алайда психолог бүкіл жауапкершілікті жалғыз көтермеуі керек, - дейді маман.
Ата-аналарға қатысты да нақты міндеттер бар. Дүйсенованың сөзінше, ата-ана баланы кінәламай тыңдап, хабарлағаны үшін оған қысым күшеймеуін оқу орнымен бірге қадағалауы керек.
Ал білім басқармалары қызметкерлерді оқытып, шағымға қаншалықты тез жауап берілгенін, қысымның қайталанған-қайталанбағанын және балалардың өзін қаншалықты қауіпсіз сезінетінін бақылауы қажет.
Сарапшы хабарламалардың көбеюін әрдайым әлімжеттіктің артуы деп қабылдауға болмайтынын да ескертті. Оның айтуынша, бұл кейде хабарлау арнасына деген сенімнің өскенін көрсетуі мүмкін.
Шетелдік тәжірибені Қазақстанда қалай қолдануға болады?
Бақытжан Дүйсенова жауапкершілік қажет болғанымен, жазалау әлімжеттіктің алдын алудың жалғыз жолы емес екенін айтады.
Жауапкершілік қажет. Бірақ жаза бір оқиғаға жауап береді, ал алдын алу сол оқиғаның қайталануына мүмкіндік берген ортаны өзгертеді. Зорлық бір рет орын алса да, әрекеттің қайталануын күтпей, дереу ден қою керек, – дейді ол.
Сарапшы күш тең емес жағдайда жәбір көрген адамды қарсы тараппен беттестіріп, татуласуға мәжбүрлеуге болмайтынын да атап өтті.
Ол шетелдік тәжірибе ретінде Финляндияның KiVa бағдарламасын мысалға келтірді. Бұл бағдарлама бүкіл сыныппен жұмыс істеуге негізделген. Оның аясында куәгерлерге мазаққа қосылмай, жәбір көрген құрдасына қауіпсіз қолдау көрсетуді үйретеді. 78 мектеп қатысқан зерттеуде тоғыз айдан кейін 4–6-сыныптарда әлімжеттік пен оған ұшырау көрсеткіштері төмендеген.
Англияның Learning Together бағдарламасы мұғалімдерді оқытуды, оқушылардың қатысуымен мектеп ережелерін жетілдіруді және әлеуметтік-эмоциялық дағдыларды дамытуды біріктірген. 40 мектептегі зерттеуде әлімжеттік аздап, бірақ статистикалық тұрғыдан мәнді азайған. Ал жалпы агрессия көрсеткішінде айқын өзгеріс анықталмаған.
Сарапшының айтуынша, Қазақстанда да шетелдік тәжірибе қолданылып жүр. KiVa бағдарламасының елдегі сертификатталған білім ұйымы – Назарбаев Зияткерлік мектептері. Сонымен қатар Маңғыстау облысының білім басқармасының 2025 жылғы есебіне сәйкес, финляндиялық бағдарлама өңірдегі 110 мектепте іске асырылған.
Ал Оқу-ағарту министрлігі тоғыз өңірдегі 50 мектепте сыналған «ДосболLIKE» бағдарламасын 2025 жылғы қыркүйектен бастап елдегі мектептер мен колледждерге енгізуді қолға алды.
Бақытжан Дүйсенова бағдарламалардың тиімділігін тек қамтылған мектеп санымен бағалау жеткіліксіз екенін айтады. Оның пікірінше, нәтижені үш негізгі сұрақ арқылы тексеру керек: бала кімге жүгінетінін біле ме, хабарласса оны қорғай ма, содан кейін қысым шынымен тоқтай ма?
Ең оқылған:
- БҚО-да әлем чемпионын ешкім күтіп алмаған: Облыстық спорт басқармасы не дейді?
- Қазақстанда биылғы қыс қандай болады? Сарапшылар болжамы
- Әлеуметтік жәрдемақылар жойыла ма? Министрлік тараған ақпаратты жоққа шығарды
- «Мен көп тәкаппарланып кетіппін»: Самса сатамын деп дауға қалған дәмхана иесі кешірім сұрады
- Ақмола облысында жүргізуші әйелін көлігімен қағып өлтірді
Сымбат Сатыбалдина