- Мұқаба
- Жаңалықтар
- «Кез келген жерде жеңіске жетуге шамасы жетеді»: АҚШ пен Ұлыбритания Рыбакинаның тарихи табысын қалай бағалады?
«Кез келген жерде жеңіске жетуге шамасы жетеді»: АҚШ пен Ұлыбритания Рыбакинаның тарихи табысын қалай бағалады?
Елена Рыбакина US Open жеңімпазы атанып, әлемнің бірінші ракеткасы болды
15 Қыркүйек 2026, 20:30
БӨЛІСУ
АВТОР
-
Айым Серікбайқызы
BAQ.KZ ақпарат агенттігінің аға шығарушы редакторы
15 Қыркүйек 2026, 20:30
83
Фото: Instagram/lenarybakina
Қазақстандық Елена Рыбакина әлемдік теннис тарихына енді. Ол Нью-Йоркте өткен US Open турнирінде жеңімпаз атанып, мансабында тұңғыш рет әлемнің бірінші ракеткасы атанды. Рыбакина WTA рейтингінде көш бастаған Қазақстанның алғашқы өкілі болды.
BAQ.KZ АҚШ пен Ұлыбританияның үш бірдей беделді халықаралық спорт журналисімен – CBS телеарнасының «60 Minutes» бағдарламасының тілшісі Джон Вертхейммен, танымал америкалық теннис шолушысы Бен Ротенбергпен және BBC журналисі Джонатан Юрейкомен сұхбаттасып, Рыбакина феноменінің сыры неде екенін, оған әлемнің үздік теннисшісі атануға не көмектескенін, шетелде оның өнерін қаншалықты жоғары бағалайтынын және қазақстандық спортшыдан алдағы уақытта не күтуге болатынын анықтады.

«Оның кез келген жерде жеңіске жетуге шамасы жетеді»
Америкалық спорт журналисі, «60 минут» бағдарламасының тілшісі Джон Вертхейм BAQ.KZ тілшісіне берген эксклюзивті пікірінде Еленаның финалдағы Арина Соболенкоға қарсы ойынын «ерекше» деп бағалады.
«Ол өте сенімді әрі сабырлы ойнады. Кей сәттерде керемет тәсіл жасады, ал өз подачасына сене алмаған кездері ойынының басқа да мықты тұстарын пайдаланды. Екінші сеттен ұтылып қалған соң, ол қайта жиналып, ойынын жандандыра білді. Бұл шынайы кәсіби өнер көрсету болды», – деді сарапшы.
Вертхеймнің пікірінше, қазір Рыбакина әйелдер теннисіндегі басты тұлғалардың бірі болып отыр. Бұл маусымда ол екі Үлкен дулыға титулын – Australian Open мен US Open турнирлерін жеңіп алды, екеуі де хард төсенішінде өтті. 2022 жылғы Wimbledon турниріндегі жеңісін есепке алғанда, енді Рыбакинаның «сатылы түрдегі Үлкен дулығаны» (Career Grand Slam) аяқтауына тек Roland Garros титулы ғана жетпей тұр.
«Оның әлемнің бірінші ракеткасы болғаны мен үшін мүлде таңқаларлық емес. Біз оның күш-қуаты туралы көп айтамыз, бірақ қазір ол шынымен де жан-жақты дамыған теннисшіге айналды», – деді сарапшы.
Америкалық журналист Бен Ротенберг те BAQ.KZ-ке берген пікірінде Рыбакинаның ойын деңгейін өте жоғары бағалады.
«Меніңше, Нью-Йорктегі осы жеңістің арқасында Рыбакина қазіргі уақытта әлемнің үздік теннисшісі мәртебесін шынайы түрде бекітті. Бұл әсіресе, оның жарақатқа байланысты қиындықтарын, сондай-ақ бұған дейін US Open оның Үлкен дулығаның төрт турнирінің ішіндегі ең сәтсіз болғанын ескергенде, ерекше әсер қалдырады. Егер ол Нью-Йоркте жеңе алса, демек, енді оның кез келген жерде жеңіске жетуге шамасы жетеді», – деді Ротенберг.

«Оны адам ретінде тану қиын»
Джон Вертхеймнің пікірінше, спорттағы аса жоғары жетістіктеріне қарамастан, Рыбакинаның АҚШ-тағы танымалдылық деңгейі әзірге оның корттағы жетістіктеріне сай келмейді.
Сарапшы мұны оның ұстамдылығымен және өз тұлғасын көпшілік ортада белсенді түрде ашқысы келмейтіндігімен байланыстырады.
«Меніңше, оны адам ретінде тану біраз қиын. Бірақ бұл – оның өзінің шешімі, өз құқығы және бұл – толығымен қалыпты жағдай. Алайда, менің көзқарасымша, оның теннис әуесқойларынан тыс жердегі танымалдылығы салыстырмалы түрде онша жоғары емес. Мұның бір себебі – тілге қатысты болса, екінші жағынан, оның әлемнің басқа бір бөлігін өкілдік етуіне байланысты. Тағы дa айта кетейік, біз бірнеше жыл бұрын Уимблдонды ұтып алған, содан кейін АҚШ-тағы алғашқы матчын №12 кортта өткізген теннисші туралы айтып отырмыз. Сондықтан мұның бір себебі ұйымдастырушылардың матч кестесін қалай құратынына да қатысты болар», – дейді журналист.
Вертхейм Рыбакина қалаған жағдайда теннис қауымдастығынан тыс жерде де өз танымалдылығын арттыра алар еді деп есептейді. Оның пікірінше, мұған баспасөзбен және жанкүйерлермен қарым-қатынаста ашығырақ болуы ықпал етер еді. Қазіргі уақытта спортшы баспасөз конференциялары мен сұхбаттарда әдетте ұстамдылық танытады.
Сонымен қатар журналист көпшілікке көріну – әр спортшының жеке таңдауы екенін және Рыбакина үлкен танымалдылық үшін өз мінезін өзгертуге міндетті еместігін атап өтті.
«Барлық ойыншылардың мінезі әртүрлі, бірақ мен оның көпшілік алдындағы беделі, әсіресе оның теннис деңгейін ескергенде, болуы тиіс деңгейден әлдеқайда төмен дер едім», – деді журналист.
Юрейконың айтуынша, Уимблдондағы жеңіс Рыбакинаға Ұлыбританияда белгілі бір дәрежеде танымалдылық әкелді. Алайда оның бұл елдегі танымалдылығы әзірге негізінен теннис жанкүйерлерінің аудиториясымен шектеліп отыр.
«Теннис жанкүйерлері оның жетістіктері мен шеберлігіне үлкен құрметпен қарайды, сондай-ақ корттағы қарапайым әрі ұстамды мінез-құлқын жалпы алғанда жоғары бағалайды», - деді ол.

Соболенконың финалдан кейінгі эмоциялары
Финалдан кейін Арина Соболенко ракеткасын сындырып, жанында тұрған оператордың әрекетіне эмоционалды түрде жауап берді және оған әдепсіз сөзбен алысқа кетуді өтінді.
Univers Tennis хабарлауынша, ракетка мен инвентарьға қатысты ережені бұзғаны үшін теннисшіге 7 500 доллар көлемінде айыппұл салынды.
Соболенконың бұл эмоционалды реакциясына қатысты пікір білдірген Джон Вертхейм спортшыны тым қатал айыптауға бейім емес екенін атап өтті.
Оның пікірінше, Үлкен дулыға турнирінің финалындағы жеңілістен кейін сынған ракетка ең жақсы көрініс емес. Алайда мұндай реакция спортшы үшін нәтиже қаншалықты маңызды екенін көрсетеді.
Вертхейм сонымен қатар жұртшылықтың спортшылардың эмоцияларына қатысты қайшылықты көзқарасына да назар аударды. Рыбакинаны жиі ұстамдылығы үшін сынап, көбірек эмоция көрсетуге шақырып жатады. Ал Соболенконың ашық реакциясы, керісінше, спорттық әдепке қайшы әрекет ретінде айыптауға себеп болады.
«Спортшылардың нәтижеге бей-жай қарайтындай көрінетін кездері мен үшін онша көрінбейді. Соболенко болып жатқан оқиғаға айқын түрде қатты алаңдайды. Сондықтан маған оның сынған ракеткалары, бейәдеп сөздері немесе ашық түрде көңілсіз жүргені үшін оны тым қатты айыптау қиын. Өйткені ол Үлкен дулыға турнирінің финалынан ғана ұтылған жоқ. Ол бірінші орыннан айырылып, 2022 жылдан бері алғаш рет жылды Үлкен дулыға титулынсыз аяқтап отыр. Өзім мұндай әрекет жасамас едім деп түсінемін. Мүмкін, Роджер Федерер де бұлай етпес еді. Бірақ мен мұны үлкен проблема деп санамаймын. Менің көзқарасым бойынша, ойыншылардың эмоцияларын басқара алмайтындай нәтижеге қатты алаңдайтынынан гөрі, олардың бәріне бәрібір болып көрінуі – әлдеқайда үлкен проблема», – деді сарапшы.
Джонатан Юрейко да Соболенконың кортта өз сезімін ашық көрсеткенінін ешқандай сөкеттік көріп тұрған жоқ. Оның пікірінше, спортшылар өз сезімдерін – жағымды да, жағымсыз да тұстарын шынайы көрсете алуы тиіс.
«Соболенко әлемнің үздік теннисшілерінің бірі болып қалу үшін өте көп жұмыс істейді және Үлкен дулыға титулдары үшін дерлік әрқашан таласады. Сондықтан осындай маңызды матчтағы жеңілістің оның бойында қатты көңілсіздік тудыруы – өте табиғи жағдай. Менің ойымша, ол кейбір байқаушылар айтқандай, назарды Рыбакинадан басқа жаққа бұру үшін әдейі ештеңе істеген жоқ. Менің пайымдауымша, матчтан кейінгі операторлар кейде тым мазасыз келеді. Сондықтан Соболенконың бұл реакциясын айыптауға болмайды. Жағымсыз эмоцияларын сыртқа шығарып алғаннан кейін, Соболенко әрқашан жеңілісті лайықты түрде қабылдап, қарсыласына жылы лебізін білдіреді», - деді ол.
Ең оқылған:
- Жамбыл облысында вагон алмақ болған азамат 22 млн теңгесінен айырылды: Күдіктілер ұсталды
- Атырау әкімі Шәкір Кейкин қызметінен кетті
- Алматыда 15-18 қыркүйек күндері қай аудандарда жарық өшеді?
- Аралда учаскелік полиция инспекторын өлтірді деген 39 жастағы күдікті қамауға алынды
- Күріш, балық, қауын-қарбыз: Астанада Қызылорда жәрмеңкесі өтеді