Оңтүстік өңірден 11 мыңнан астам адам СҚО-ға қоныс аударды

24 Тамыз 2022, 20:30
1064
Бөлісу:
Оңтүстік өңірден 11 мыңнан астам адам СҚО-ға қоныс аударды
PHOTO
Фото: автордан

«Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы қабылданған 2016 жылдан бері халқы тығыз орналасқан оңтүстік өңірлерден жұмыс күші тапшы Солтүстік Қазақстан облысына 3159 отбасы, яғни 11 мыңнан астам адам көшіп барды, деп хабарлайды Солтүстік Қазақстан облысындағы BAQ.KZ тілшісі.

Қоныс аударушылардың 85 пайызға жуығы ауылдық жерлерде тұрып жатыр. 6 жылда көшке 2,5 млрд теңге жұмсалды.

Солтүстік Қазақстанға жұмыс сапарымен барған ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов мемлекеттік бағдарламаға қатысушылармен кездесті. Қоныс аударушылардың дені Түркістан, Алматы облыстары және Нұр-Сұлтан мен Шымкент қалаларынан келген. Олар Солтүстік Қазақстанның 225 елді мекенінде тұрып жатыр. Еңбек жасындағы азаматтардың 80 пайызы екі қолға бір күрек тауып, баспанамен қамтамасыз етілді. Солардың бірі Нұр-Сұлтан қаласынан қоныс аударған Гүлмира Қабанбаева. Өткен жылы көшіп келген отбасы бау-бақша өсірумен айналысады.

 

Солтүстік Қазақстанның табиғаты керемет екен. Тек еңбек етсең болғаны. Ол үшін адамға ең алдымен баспана және денсаулық керек. Астанада бірнеше жыл пәтер жалдап өмір сүрдік. Баспана кезегіне тұрдық. Бірақ оны алар күнді көп күту керек. Сондықтан осында қоныс аударуды ұйғардық. Өзім Астраханка ауылындағы балабақшада тәрбиеші болып жұмыс істеп жүрмін. Үлкен ұлым астанада, кішісі облыс орталығында оқып жатыр. Қолымда 85 жастағы анам бар. Қазіргі жағдайыма еш шағымым жоқ, - дейді Гүлмира Қабанбаева. 

Қоныс аударушылардың тағы бірі Фатима Нәбиева Аққайың аудандық ауруханасында дәрігер болып жұмыс істейді. Ол Маңғыстау облысы Мұнайлы ауданынан келген. 

Қызымның денсаулығы үшін солтүстікке келдім. Батыстың климаты басқа. Ыстықта қан қысымы көтеріле береді. Мұнда келгелі ол проблеманы ұмыттық. Көтермеақы алдық. Жаңа баспанамыз бар. Бәрі жақсы болады деп ойлаймын. Біреу кеңес сұраса, іркілместен «көшіңіз» дер едім. Өзіме барлығы ұнайды, - дейді Фатима. 

Оңтүстік өңірлерден қоныс аударушылар тұрып жатқан елді мекендердің бірі Полтавка ауылы. Дені жергілікті шаруашылықта жұмыс істеп жүр. Мұнда шаруашылық жұмысшыарына аралған балабақша салынды. Жаңа оқу жылында 45 балаға қызмет көрсетеді. Көші-қон бағдарламасы әлі де жалғаспақ. Өңірде мыңнан астам бос жұмыс орны бар. Әсіресе денсаулық сақтау, ауыл шаруашылығы саласы мен техникалық мамандар тапшы. 

Оңтүстік өңірлерден қоныс аударушылар арасында мұғалімдер басым. Ал мамандығы жоқтары оқып, өз кәсібін ашып жатыр. Мал өсіруді қолға алғандар баршылық. Өңірде мемлекеттік бағдарлама аясында атқарылып жатқан жұмыспен таныстық. Мемлекет тарапынан қолдауға ие болған ірі кәсіпорындардың жұмысы тек табыс табуға ғана емес, халықтың әлеуетін көтеруге бағытталып жатқаны аңғарылды, - деді Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов.

Өзгелердің жаңалығы