Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Тіл саясаты комитеті мен Ш.Шаяхметов атындағы "Тіл-Қазына" ұлттық ғылыми-практикалық орталығы "Терминологиялық сөздіктер: сараптау және сапасын арттыру мәселесі" атты әдістемелік онлайн семинар ұйымдастырды.
Салалық терминологияны дамытуда ескерілетін қазіргі қазақ терминологиясының өзекті мәселелерінің бірі – терминологиялық сөздіктер. Ғылыми қауым үшін қазіргі шығып жатқан және осы уақытқа дейін шығарылған терминологиялық сөздіктердің төңірегінде өзекті мәселелердің бары айқын. Атап айтқанда, сөздіктердегі терминдердің көбісінің шеттілдік термин қалпында берілуі, қазақ тілінің заңдылығына сәйкес игерілмеуі және т.б. Сондықтан да шығарылып жатқан терминологиялық сөздіктердің сапасын арттыру өзекті мәселе болып табылады.
Осының бәрі семинардың негізгі тақырыбы болды.
Бұдан басқа терминологиялық сөздіктердің қолданыс аясын кеңейту жолдары, терминологиялық сөздік құрылымындағы жүйелілік, терминдердің сөздік құрылымында дұрыс берілуі, кірме терминдердің сөздіктерде берілуіндегі қиындықтар т.б. өзекті мәселелер талқыланып, шешу жолдарын ұсынылды.
Қазақ терминологиясында, терминологиялық біріздендірудің басқа түрлерін айтпағанда, белгілі бір сала шеңберіндегі біріздендіру жұмыстары көңіл көншітпейді. Терминдердің әркелкі немесе керісінше біркелкі қолданылуы ісқағаздар тілінде, әртүрлі техникалық құжаттарды дайындау кезінде түсініспеушілік туғызып қана қоймай, медицина сияқты адам өмірімен тікелей байланысты салаға қатысты құжаттарды толтыруда аса көңіл алаңдатарлық жайт болып табылады. Мемтерминком бекіткен терминдерді қолдануда әркелкілік орын алып отырғаны жасырын емес, – дедді филология ғылымдарының кандидаты, доцент Сәрсенбай Қуантайұлы Құлманов.Оның пікірінше, бұл олқылықтарды жою мақсатында Қазақстан Республикасы Үкіметі жанындағы республикалық терминологиялық комиссия термин бекіту жұмыстарын қарқынды түрде жүргізіп, Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Тіл саясаты комитетінің тапсырысы бойынша Ш.Шаяхметов атындағы "Тіл-Қазына" ғылыми-практикалық орталығы мен А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты салалық терминологиялық сөздіктердегі терминдерге кешенді сараптама жасаумен айналысуда.
Әр пәннің өзінің жеке сөйлеу стилі бар, оны нақты пәннің "академиялық тілі" деп атауға болады. Академиялық тіл пән мазмұнын меңгеру, ойлау және осы пәнде қолданылатын ұғымдармен жұмыс істеу қабілетін жақсартуға арналған басты құрал болып табылады, – деді филология ғылымдарының кандидаты, доцент Ақбота Тұрағұлқызы Қоңырова.Педагогика ғылымдарының магистрі, терминші Серік Әбдірешұлы Ерғали 1906 жылы Орынборда басылып шыққан "Орысша-қазақша (қырғызша) қысқаша сөздіктен" бастап, Тәуелсіздіктің алғашқы онжылдығында жарық көрген 100-ден астам сөздікке дейін шолу жасап өтті.
Десек те, өз алдына ел ғана емес, тіл де егемен болады. Демек, тәуелді халықтың тіліне қоятын талаптан азат халықтың терминологиясына қойылатын талап мүлде басқа ауқым мен деңгейді қамтуы тиіс. Бүгінгі күн талабына тіпті сәйкеспейтін сөздіктер кездеседі. Жыл сайын мыңдаған жаңа терминдер туындауда, оны тілдің терминологиясына сіңірейтіндей лингвистикалық әлеует пен ресурс қажет, – деп түйіндеді өз ойын Серік Ерғали.Іс-шараға тікелей эфир арқылы қатысқан сала мамандары, филологтар мен жоғары оқу орнының студенттері, жалпы жұртшылық тақырып бойынша өз ойын білдіріп отырды.
Онлайн-семинарды Ш.Шаяхметов атындағы "Тіл-Қазына" ғылыми-практикалық орталығының атқарушы директоры Е.Тілешов қорытындылады.