Онлайн-казиноларға қызмет көрсеткен дропперлік желі әшкереленді: Айналымы 3,6 млрд теңгеден асқан

Қырғызстан азаматтарын банк шоттарын пайдалануға тартқан күдіктілер ойыншылардан төлем қабылдап, ұтыстарды аударумен айналысқан.

27 Қараша 2026, 12:26
АВТОР
 ©BAQ.KZ архиві/Арман Мухатов 27 Қараша 2026, 12:26
27 Қараша 2026, 12:26
75
Фото: ©BAQ.KZ архиві/Арман Мухатов

Қазақстанда онлайн-казинолардың қаржылық операцияларына қызмет көрсеткен трансшекаралық дропперлік желі анықталды. Алматы қаласының үш тұрғыны ұйымдастырған заңсыз схемада Қырғызстан азаматтарының банк шоттары пайдаланылған. Дропперлік шоттар арқылы өткен қаражат көлемі 3,6 млрд теңгеден асты, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Қаржылық мониторинг агенттігінің Алматы облысы бойынша департаменті цифрлық активтердің заңсыз айналымы, үшінші тұлғалардың банк шоттарына қол жеткізу құқығын сатып алу және заңсыз ойын бизнесіне жәрдемдесу деректері бойынша тергеуді аяқтады.

Тергеу мәліметтеріне сәйкес, үш күдікті заңсыз криптовалюта операцияларын жүргізу үшін дропперлер желісін ұйымдастырған. Олар делдалдар арқылы Қырғызстан азаматтарын, негізінен студенттер мен қаржылық қиындыққа тап болған жастарды тартқан.

Шетел азаматтарының Қазақстанға келу жолақысы, тұратын жері мен тамағы төленіп, оларға ұялы телефондар мен SIM-карталар берілген. Ал азаматтар ақшалай сыйақы үшін өздерінің банк шоттарына қол жеткізу құқығын күдіктілерге ұсынған.

Кейін бұл шоттар лицензиясыз USDT криптовалютасын сатып алу және сату операцияларына пайдаланылған.

Бұдан бөлек, күдіктілер «SkyPhoenix» халықаралық төлем платформасы арқылы «Pinco», «Pinup», «Nomad Games», «Sultan Games» және басқа да онлайн-казинолардың қаржылық операцияларына қызмет көрсеткен.

Олар ойыншылардан төлем қабылдап, ұтыстарды аударуды және заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырушылардың табысын криптовалютаға айырбастап, шығарып беруді қамтамасыз еткен. Бұл қызметі үшін түскен қаражаттың 4 пайызы мөлшерінде сыйақы алып отырған.

ҚМА мәліметінше, дропперлік шоттарға түскен қаражаттың жалпы сомасы 3,6 млрд теңгеден асқан.

Сот санкциясымен үш автокөлік пен жер учаскесіне тыйым салынды. Екі күдіктіге қатысты үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылған.

Қылмыстық іс сотқа жолданды. ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес, тергеудің өзге мәліметтері жария етілмейді.

Наверх