Онкомаммолог: Сүт безі обыры ерте анықталса, толықтай емделеді

21 Ақпан 2024, 08:48
378
Бөлісу:
Онкомаммолог: Сүт безі обыры ерте анықталса, толықтай емделеді
Фото: Ұлттық ғылыми онкология орталығының баспасөз қызметі

Сүт безі обыры Қазақстанда ғана емес, әлемде де өршіп тұр. Аурудың белгілері қандай? Оның алдын алуға бола ма? Осы және өзге де сұрақтарға елордадағы Ұлттық ғылыми онкология орталығының онколог-маммолог дәрігері, пластикалық хирург, медицина магистрі Динара Саменова жауап берген болатын, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

- Динара Ермекқызы, әңгімемізді сүт безі обырынан бастасақ. Жалпы, сүт безі обыры барлық қатерлі ісіктердің құрылымында алғашқы үштіктен ойып тұрып орын алады екен. Аурудың соншалықты өршіп кеткені немен байланысты? Ғылымда осының жауабы табылды ма?

- Сүт безі обыры – әйелдер арасындағы обырдың ең жиі кездесетін түрі. Тек қана Қазақстанның өзінде жыл сайын осы дертке шалдыққандардың 5 мың жаңа жағдайы анықталады. Алайда сүт безі обырының неден пайда болатын себебін нақты айту мүмкін емес. Оған көптеген фактор әсер етуі ықтимал: генетикалық бейімділіктен бастап зиянды әдеттердің әсеріне дейін деп тізбектеп айтуға болады. Тіпті, обырдың бұл түріне көп бала туған немесе бала емізетін әйелдер барынша бейім деген аңыз бар. Алайда бұл ешқандай да ғылыми тұрғыда дәлелденбеген.

Біз – ғылыммен айналысатын адамдар ғылыми зерттеулерді ғана негізге аламыз.

- Статистикалық деректерге тоқтала аласыз ба?

- Сүт безі обыры әлемде барлық онкологиялық аурулардың арасында таралуы жағынан бірінші орында тұр. Қазақстанда жыл сайын обырдың осы түріне шалдығудың 4,5 мың жаңа жағдайы тіркеледі екен.

- Орталықтағы негізгі міндетіңізге не кіреді?

- Ұлттық ғылыми онкология орталығында мен сүт безі, жұмсақ тін мен тері ісіктері секторының аға ординаторы болып жұмыс істеймін. Біздің бөлімшемізге пациенттеріміз көбінесе сүт безі обыры деген диагнозбен келіп түседі. Бүкіл медициналық көмек МӘМС және тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі аясында көрсетеміз. Дәрігерлеріміз операциялық емдеудің барлық заманауи әдістемелерін меңгерген. Одан бөлек, әйел денсаулығы орталығы жасалатын онкопластикалық операциялардың саны бойынша көшбасшы болып тұр. Мысалы, бізден шыққан жиырма әйелдің он жетісіне сүт безінің онкопластикалық резекциясы жасалады. Бөлімшеден шыққан соң пациенттеріміз жасалған онкопластиканың арқасында әрі қарай психоэмоциялық күйзеліске ұшырамайтынын айта кеткен. Кеуде – кез келген әйел адам үшін өте маңызды мүше екені түсінікті.

- Ал сүт безінің пішіні мен көлемін өзгертуге бағытталған операциялар осы қатерлі дерттің себебі болады деген түсінік рас па?

- Сүт безі сау болған кезде оны үлкейту үшін жасалатын маммопластика бұл тұрғыда денсаулыққа ешқандай қауіп төндірмейді. Оның үстіне, операцияның алдында кез келген пациентті сүт безінің ультрадыбыстық зерттеуі мен маммографиядан өткізіп, жақсылап тексереді. Егер қандай да бір кішігірім қарсы көрсетілімнің бары анықталса, барлық қатерді жойғанға дейін процедураны жасаудан бас тартылады.

- Сүт безі обырының белгілері туралы айтып берсеңіз. Қай кезде дабыл қағу керек?

- Бұл дерттің негізгі симптомы – үрпінің тартылуы және одан қандай да бір бөліндінің шығуы, сүт безінің немесе үрпі аймағының ауырсынуы, сүт безі аумағындағы терінің инфильтрациясы, яғни тері апельсин қабығына ұқсап кеткен жағдай. Сондай-ақ түйіндік ісіктің болуы, қолтықасты аймағында тығыз түйіннің пайда болуы, сүт безі аймағындағы терінің жара болуы, бүкіл сүт безінің немесе оның қандай да бір бөлігінің ісінуі, өздігінен салмақ тастау, әлсіздік, үрпінің немесе сүт безінің терісінің қызаруы, қабыршақтануы, қалыңдап кетуі. Егер әйел адам өзінің бойынан осы құбылыстарды байқаса, бірден дәрігерге көріншен жөн.

- Ал қазақстандықтар көбінесе аурудың қай сатысында дәрігерге жүгінеді? Өз тәжірибеңізден айта кетсеңіз...

- Қазір скринингтік бағдарламалардың арқасында сүт безі обыры ерте анықталып жатыр. Алайда асқынып кеткен жағдайлар да кездеседі. Көбінесе аурудың соңғы сатысында бізге еліміздің шалғай өңірлерінде тұратын әйелдер келеді. Сүт безі обырының ерте сатысы жұмыс істейтін әйелдерде көп анықталып жатады. Себебі жұмыс берушілер дер кезінде тексеруден өтуге жібереді. Мысалы, біздің орталығымызда әр қызметкер әйелге скринингтен өту үшін үш демалыс күні беріледі. Біз әйелдерді әрқашан жоспарлы тексеруден өтуге шақырамыз. Ауру неғұрлым ертерек анықталса, сүт безі обырымен мәңгілікке қоштасуға үміт те соғұрлым көбірек болады.

- Ер адамдар да сүт безі обырына шалдығатын жайттар кездеседі деседі. Сіз сондай жайтпен бетпе-бет келіп көрдіңіз бе?

- Иә, ер адамдар да сүт безі обырына шалдығуы мүмкін. Бұл рас. Қазақстандық ерлер арасында да сүт безінің обыры анықталатын жайттар болады. Статистикаға сүйенсек, мыңнан бір адамға сәйкес келеді. Ауру әйелдерге қарағанда ерлерде өте сирек кездеседі. Ерлердің бұл ауруға шалдығуы негізінен гормоналдық ауытқумен байланысты. Ондай пациенттер де сүт безі обырының хаттамасы бойынша емделеді. Олардағы негізгі симптом – сүт безінің үлкейіп кетуі.

- Ал осы сүт безі обырын емдеу үшін Қазақстанның медицинасы қаншалықты дамыған деп айта аласыз?

- Қазақстанда да осы ауруды диагностикалау мен емдеудің бүкіл спектрі бар. Айта кететін жайт, мемлекет тарапынан үлкен қолдау сезіледі. Бізде заманауи химиотерапия қолданылады, таргетті химиялық препараттар пайдаланылады. Мен әрқашан алдыма келген пациенттеріме мынаны айтып отырамын. Шетелге керемет нәтиже күтіп ем алуға жүгірудің қажеті жоқ, обырдан шетелге шықпай-ақ, өз мемлекетімізде де емделуге болады. Қазақстанда ол үшін барлық қажетті жағдайлар жасалған. Онкологияны емдеуге тұрақты түрде қаражат бөлініп тұрады.

- Сүт безі обырын диагностикалаудың қандай әдістерін қолданасыздар?

- Әдеттегі үйреншікті әдістер – ультрадыбыстық зерттеу, маммография, МРТ, биопсия, гистологиялық зерттеулерден бөлек, жаңа, арнайы әдісті қолданып жүрміз. Ол геномдық мутацияны анықтауға геномдық секвенирлеу әдісі деп аталады. Бес жыл бойы біз оны диагностика хаттамасына енгіземіз деп ойлаймын. Қазірдің өзінде пациенттеріміз ПТР-сынаманың көмегімен зерттеудің нәтижесін білу үшін қан тапсырып жүр.

- Орталықтарыңызда сүт безі обырына шалдыққан пациенттер қандай ем-дом алуына мүмкіндік бар?

- Соңғы жылдары сүт безі обырын емдеудің жаңа тиімді әдістері пайда болды. Іс жүзінде оның барлығын өз орталығымызда қолданып, практикада жүзеге асырудамыз. Біздің қолымызда барлық химиялық препараттар, сәулелік терапияны, томотерапияны өту мүмкіндіктері бар. Сондай-ақ әрине, хирургиялық операциялардың барлық түрі қолжетімді.

- Хирургиялық емді қолданған кезде кеудені сақтап қалудың мүмкіндігі қаншалықты деңгейде?

- Мәселен, тек қана 2022 жылдың өзінде біз 462 операция жасадық. Оның 300-ден астамы – онкопластикамен байланысты. Ал 90-нан астам операция онкопластикалық резекция екен. Бұл бір уақытта сүт безін резекциялау мен оның пішінін қайта қалпына келтіру үшін реконструкция жүргізілетін операция. Біз еліміздегі ағзаны сақтап қалу операцияларының негізін қалаған орталық болып саналамыз. Адамды мүгедек ететін және денсаулығына кемістік әкелетін хирургиялық операцияларды айналып өтуге барынша тырысамыз. Оның үстіне, сигналдық лимфа түйіндерінің биопсиясын хаттамаға енгізуді іс жүзінде бастап кеттік. Бұл болашақта мүгедек болып қалудың алдын алуға және лимфа құрылымдарын сақтап қалуға көмектеседі.

- Сондай-ақ сүт безі обырымен ауырған әйелдерге қандай пластикалық операциялар жасай аласыздар?

- Біз операцияның барлық түрін, соның ішінде реконструкциялық-пластикалық және реконструкциялық-қалпына келтіру операцияларын жасаймыз. Ғылыми орталығымыз пластикалық операциялардың саны бойынша көш бастап келеді. Әр әйелге сұлулық сыйлап, эстетикалық нәтижеге қол жеткізуіне көмектесуге тырысамыз.

- Пластикалық операция туралы сөз қозғағанда есімізге бірден оның бағасы қымбат деген ой келеді. Ондай операциялар әрбір пациенттің қалтасы көтерерлік деңгейде ме?

- Бұл жерде қорқынышты ештеңе жоқ. Барлық пациенттерімізге онкопластика МӘМС пен тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі аясында қолжетімді. Имплантаттар, тіндік экспандерлер, аутодермопластика – мұның барлығы медициналық көмектің базалық тегін және қосымша сақтандыру пакеттері есебінен ұсынылады.

- Кадр саясаты мәселесіне қатысты ойыссақ. Обырдың осы түрін емдеу үшін мамандар жеткілікті ме?

- Әрине, мамандардың тапшылығы әлі де болсын сезілуде. Алайда медицинамен айналысқысы келетін, оқуын аяқтаған соң жұмыс істеуге қаламын деп талпынып жүрген резиденттер қауымына деген үмітіміз зор. Алда бұл мәселе қиындық тудырмайды деп үміттенемін.

- Қазақстандағы және шетелдегі әріптестеріңізбен тәжірибе алмасып тұрасыздар ма?

- Өңірлердегі әріптестеріміз бізге біліктіліктерін арттыру курстарына үнемі келіп тұрады. Бір апта бойы біз онлайн режимінде кемінде үш-төрт операция жасап көрсетеміз. Бұл үйрететін шеберлік сағаты деп атауға болады. Олар процесті өз көздерімен бақылай отырып, операция бөлмесіне кіріп қана қоймай, ассистент те болады. Онкоорталықтың дәрігерлері де еліміздің ішіндегі ғана емес, шетелдегі әріптестерімізбен де тәжірибе алмасуды бір жолға қойғанбыз. Өз басым жылына кем дегенде алты-жеті рет Қазақстанның өзге өңірлеріне немесе шетелге біліктілігімді арттыруға және оқыту семинарларына баруды әдетке айналдырғанмын. Кез келген дәрігер үнемі дамып, өзінен мықтылардан үйреніп, шеберлігін шыңдап отыруға міндетті.

- Онкопластика алайда еліміздің бүкіл өңірінде бірдей қолжетімді емес қой...

- Иә, өкінішке қарай, онкопластиканы тек еліміздің ірі мегаполистері – Астана, Алматы мен Шымкентте ғана жасатуға болады. Жаңа айтып өткен біліктілікті арттыру курстарында мәселен, Қостанай, Павлодар сынды онкопластика жасау жағы жолға қойылмаған өңірлерден келген әріптестерімізге операцияға қатысуға мүмкіндік береміз. Олар онкопластика бойынша операциялардың қалай жасалатынын өз көздерімен көреді. Бұл жердегі мақсат – бұл әдістерді олар өз емханаларында қолданса деген ниет. Мұның барлығы уақыттың еншісінде деп ойлаймын. Алдағы бірнеше жылда өңірлерімізде де онкопластика жасауға басымдық беріледі бастайды.

- Онколог әрі маммолог маман ретінде алдыңызға қандай мақсат қойдыңыз?

- Арман-мақсатым өте көп. Біріншіден, емдеу мен диагностикалау хаттамасына гендік мутацияларды енгізуді жоспарлап жүрмін. Бұл жерде сөз обырдың пациентті іс жүзінде «жеңіп» үлгермеген, алайда генінде бар жағдайлар туралы болып отыр. Сондай-ақ біз әріптестерімізбен сигналдық лимфа түйіндерінің биопсиясын енгізгіміз келеді. Бұл деген – аксиллярлық лимфаденопатиядан, яғни лимфа түйіндерін қолтық астынан алып тастаудан бас тарту. Себебі мұның ешқандай да емдік мақсаты жоқ. Дамыған мемлекеттерде бұл процедура бұрыннан жасалмайды.

- Дәрігер ретінде сүт безі обырының алдын алу шаралары туралы айтыңызшы...

- Бұған дейін айтып өткенімдей, сүт безі обыры бойынша Қазақстанда белсенді скринингтік бағдарлама енгізілді. Мұндай бағдарламада ТМД-ның бірде-бір мемлекетінде әлі күнге дейін жоқ. Скринингтен дер кезінде өту – аурудың негізгі профилактикасы осы. Қырық жастан бастап барлық әйел затына екі жылда бір рет маммографиядан өтіп тұру қажет. Сонымен қоса сүт безінің ультрадыбыстық зерттеуі туралы да ұмытпаған жөн. Скринингтік маммографиядан ерте өтуге жеке көрсетілім ретінде отбасында немесе анасы жағынан жақын туыстарында сүт безі немесе аналыөбез обырының болуы саналады. Яғни осындай көрсетілімдер болса, жасына қарамастан скринингтен өтуге жіберіледі.

- Уақыт бөліп, сұхбат бергеніңізге рахмет!

Өзгелердің жаңалығы