Алматыда ғалымдар мен ЖОО-ның өкілдері, медицина және психология саласындағы мамандар біріңғай уақыт белдеуінің адам өміріне әсерін талқылады, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.
Еліміздің бас онкологы Диляра Қайдарова халықаралық зерттеулерді мысалға келтіріп, табиғи күн уақытының маңыздылығына тоқталды.
Уақыт белдеуіне байланысты онкологиялық аурулар жайлы зерттеу жүргіздік. Біз табиғи күн уақытынан алшақтап кеткен едік. Күн шыққанға дейін ояну сүт безі мен қуық асты безінің қатерлі ісігінің санын 4%-ға, лейкемияны шамамен 12%-ға, жатырдың қатерлі ісігін 10%-ға арттырады. Осылайша, халықаралық зерттеулер онкологиялық аурулардың алдын алу үшін табиғи күн уақытын сақтау қажеттігін дәлелдейді. Қазақстанда да қатерлі ісік ауруы өршіп бара жатыр. Еліміз әлем бойынша аурушаңдық және онкология бойынша 59-орында. Осы ретте айта кетерлігі 2017 жылы АҚШ-тағы ғалымдар тобының "Уақыт белдеуіндегі бойлық жағдайы және Америка Құрама Штаттарында қатерлі ісік қаупі" атты зерттеуі жарияланды, - деді Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының басқарма төрайымы, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің штаттан тыс бас онкологы Диляра Қайдарова.
Оның сөзінше, 600 округте тұратын АҚШ-тағы 4 миллион азаматтың зерттеу нәтижелері шығыстан батысқа қарай уақыт белдеулері бойынша күн уақытынан әрбір 5 градус озу қатерлі ісік қаупін шамамен 10% арттыратынын көрсетті. Күн уақытынан бұрын уақыт белдеуі және күн шыққанға дейін ояну қатерлі ісік ауруларының санын көбейтеді.