Өңірлерді аралайтын медициналық пойыздар қандай қызмет көрсетеді?

23 Мамыр 2022, 10:54
981
Бөлісу:
Өңірлерді аралайтын медициналық пойыздар қандай қызмет көрсетеді?

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында өткен баспасөз мәслихатында Денсаулық сақтау министрлігі медициналық көмекті ұйымдастыру департаменті Амбулаториялық-емханалық және жедел медициналық көмек басқармасының басшысы Батырхан Сарымсақов мәлімдеді. 

Ол медициналық пойыздардың қандай қызмет көрсететініне тоқталып өтті. 

Медициналық пойыздар мынадай қызмет түрлерін көрсетеді: алғашқы медициналық-санитариялық көмек; консультациялық-диагностикалық көмек; заманауи диагностикалық аппаратураны қолдана отырып, зертханалық, функционалдық, аспаптық әдістерді пайдалану арқылы пациенттерді тексеру; дәрігерлік-сараптама жұмысын жүзеге асыру; анықталған науқастарды медициналық көрсеткіштері бойынша медициналық іріктеу және жоспарлы емдеуге жатқызуға жіберу; семинарлар, конференциялар, дәрістер оқу түріндегі санитариялық-ағарту жұмыстары. Сонымен қатар станция тұрғындарының шағын хирургиялық операциялар мен стоматологиялық ем алуға мүмкіндіктері бар. Ал қанның көптеген параметрлері екі-үш сағат ішінде жедел түрде анықталады, - деп атап өтті ведомство өкілі. 

Сондай-ақ медициналық пойыздардың жоғары сапасы мен қолданыстағы жүйесі адам тіпті ойламауы мүмкін ауруларды уақтылы анықтауға мүмкіндік береді деп отыр.

Статистикаға сәйкес, алғаш рет тексерілгендердің 30%-дан астамында аурулар анықталады. Оның ішінде әрбір төртінші диагноз өте ауыр ауру және медициналық пойыздың дәрігерлері дереу жергілікті денсаулық сақтау органдарына хабарлап, науқасты одан әрі тексеру және емдеу үшін жібереді. Жобаны іске асыру барысында анықталған ең қауіпті аурулардың қатарында туберкулез, диабет, онкология және венерологиялық аурулар бар. Осылайша, пойыздардың қызметі арқасында адамға тиімді көмектесуге мүмкіндік беретін ерте кезеңде патологияны анықтау мүмкіндігі артады, - деді Батырхан Сарымсақов. 

Еске сала кетейік, бұған дейін бүгіннен бастап елімізде медициналық пойыздар жолға шығатыны туралы жазған болатынбыз. 

Өзгелердің жаңалығы