Өңірлердегі өзекті мәселелерді республикалық деңгейде көтеруге мүмкіндік туды – Қарин

16 Қараша 2021, 15:09
1101
Бөлісу:
Өңірлердегі өзекті мәселелерді республикалық деңгейде көтеруге мүмкіндік туды – Қарин

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің хатшысы Ерлан Қарин Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің алтыншы отырысында айтты.

Биыл онлайн форматта Ұлттық кеңес мүшелері мен министрлердің қатысуымен 7 отырыс өтті. Алда тағы бірқатар министрмен кездеулер өткізуді жоспарлап отырмыз. Мамыр айынан бастап Ұлттық кеңес мүшелері өңірлерге сапарлады. Олар СҚО, Маңғыстау, Қарағанды облыстарында болды. Сапар барысында қоғам өкілдері мен белсенді азаматтармен тиімді байланыс орнатылды. Соның арқасында өңірлердегі өзекті мәселелерді республикалық деңгейде көтеруге мүмкіндік туды, - деді ол.

Өңірлердегі өзекті мәселелерді республикалық деңгейде көтеруге мүмкіндік туды – Қарин

Қарин кеңес мүшелері Президенттің реформаларын іске асыруды үнемі бақылауда ұстап отырғанын айтты.

Ұлттық кеңестің әрбір отырысынан кейін Президент тапсырмаларын орындау үшін арнайы жоспар бекітіледі. Хатшылық ол жоспардың жүзеге асырылуын қадағалайды. Ұлттық кеңес алдағы уақытта да қоғамдық маңызы бар бастамаларды мұқият қадағалап, реформаларды іске асыру тәсілдерін әрі жетілдіру үшін жүйелі түрде ұсыныстар дайындайды. Сонымен қатар кеңес қатарына белсенділерді тарту бойынша ротациялар жасалды. Ұлттық кеңес жұмыс істегелі 2,5 жыл ішінде 19 азамат жаңадан мүше болды. Сол арқылы кеңес құрамы ғана емес, талқыланатын мәселелер де толыға түсті. Бұл Ұлттық кеңестің жұмысының тиімділігін арта түсіреді, - деді Ерлан Қарин.

Жиын барысында Президенттің Ұлттық кеңес аясында бұған дейін берген тапсырмаларының орындалу барысы, сондай-ақ ҰҚСК мүшелерінің қоғамдық, әлеуметтік-экономикалық және өңірлік даму мәселелері жөніндегі ұсыныстары талқыланады деп жоспарлануда. Отырысқа кеңестің өңірлердегі мүшелері онлайн форматта қатысып жатыр.

Өзгелердің жаңалығы