2026 жылдың алғашқы бес айында Қазақстанда қымыз өндірісі едәуір ұлғайды, ал шұбат шығару көлемі керісінше азайды. Сонымен бірге бие сүтінен жасалатын бұл дәстүрлі сусын қымбаттауын жалғастыруда, деп хабарлайды BAQ.KZ ақпарат агенттігі energyprom.kz сілтеме жасап.
Ағымдағы жылдың қаңтар–мамыр айларында елде 683 тонна қымыз өндірілді. Бұл өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 47,2%-ға артық. Ал шұбат өндірісі, керісінше, 12,9%-ға төмендеп, 432 тоннаны құрады.
Дегенмен, қымыз өндірісінің қазіргі көлемі бұрынғы жылдардағы көрсеткіштерден әлі де төмен. Қаңтар–мамыр айларындағы ең жоғары нәтиже 2023 жылы тіркелген болатын – 1,1 мың тонна. 2024 жылы өндіріс 803 тоннаға дейін, ал 2025 жылы 464 тоннаға дейін азайды. Осылайша, биыл өндіріс қалпына келе бастағанына қарамастан, бұл көрсеткіш ең жоғарғы деңгейден 37,6%-ға төмен болып отыр.
Шұбат өндірісінде бұдан да айқын төмендеу байқалады. 2021 жылдың қаңтар–мамыр айларында Қазақстанда 2,8 мың тонна сусын шығарылған еді. 2022 жылы көлем 2,6 есеге азайды, 2023 жылы 17%-ға өсті, содан кейін қайтадан төмендей бастады. Нәтижесінде, 2026 жылдың алғашқы бес айында өндіріс көлемі бес жыл бұрынғы көрсеткіштен 6,4 есеге аз болды.
Сонымен қатар, 2025 жылдың толық қорытындысы бойынша екі сусынның да өндірісі өсім көрсеткен еді. Қымыз шығару 25,5%-ға ұлғайып, 1,5 мың тоннаға жетсе, шұбат өндірісі 2,1 есеге өсіп, 2,3 мың тоннаны құрады. Алайда 2026 жылдың басында бұл бағыттар екіге жарылды: қымыз өндірісі ары қарай өсуін жалғастырды, ал шұбат өндірісі қайтадан қысқарды.
Ұзақмерзімді үрдістер
Ұзақмерзімді перспективада қымыз неғұрлым тұрақты динамика көрсетіп келеді. 2015 жылмен салыстырғанда оның жылдық өндірісі 2,2 есеге өсті. Ең жоғары көлем 2022 жылы тіркелді – 2,2 мың тонна. 2025 жылы бұл көрсеткіш осы деңгейден 33,6%-ға төмен болды.
Шұбат өндірісі шұғыл құбылмалылығымен ерекшеленеді. Ең жоғары көрсеткішке 2020 жылы қол жеткізілді, ол кезде елде 4,2 мың тонна сусын шығарылған болатын. Кейінгі жылдары көлем негізінен азайып, 2024 жылы 1,1 мың тоннаға дейін төмендеді. 2025 жылғы екі еселік өсімге қарамастан, өндіріс тарихи ең жоғарғы деңгейден 44,2%-ға төмен болып қалды және шамамен 2015 жылғы деңгейге сәйкес келді.
Қымыз бағасы қалай өзгеруде?
Өндірістің өсуіне қарамастан, 2026 жылы қымыз қымбаттауын тоқтатар емес. Баға ай сайын өсті:
-
Қаңтарда – 2,1%
-
Ақпанда – 2%
-
Наурызда – 1,2%
-
Сәуір мен мамырда – 1,3%
-
Маусымда – 0,3%
Жылдық көрсеткіш бойынша маусым айында қымыз 14,2%-ға қымбаттады. Салыстуру үшін: бір жыл бұрын бағаның өсуі 8,5%-ды құраған еді. Биылғы көрсеткіш сусын бағасы 19,5%-ға өскен 2023 жылдан бергі маусым айындағы ең жоғары деңгей болды.
Бағаның ең үлкен өсімі тіркелген өңірлер:
Ең төменгі баға өсімі байқалған өңірлер:
-
Қарағанды және Абай облыстары – 6,3%-дан
-
Түркістан облысы – 6,5%
-
Шығыс Қазақстан облысы – 9,1%
Осылайша, 2026 жылдың басында екі дәстүрлі сусынның өндірісі қарама-қайшы динамика көрсетуде. Қымыз шығару өткен жылдардағы төмендеуден кейін қалпына келе жатқанымен, онымен бірге бағаның өсуі де қарқын алуда. Ал шұбат өндірісі 2025 жылғы күрт өсімнен кейін қайтадан төмендеуге бет бұрды.
Еске салайық, бұған дейін Қазақстан бойынша «BaiQymyz-2026» фестивалінің жеңімпаздары анықталды.
Сондай-ақ, Астанадағы BaiQymyz-2026 фестивалінде қонақтарға 1 тонна шұбат ұсынылды.