Экономист Айбар Олжай "15 минуттық экономика" жобасында Қазақстан экономикасының 2025 жылғы қорытындысын жан-жақты талдады. Айтуынша, өнеркәсіп секторында өсім жақсы шыққан, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Өңдеуші өнеркәсіп пен құрылыс
Сарапшының пайымдауынша, биыл әсіресе өңдеуші өнеркәсіптің өндіріс көлемі 7,3% ұлғайып, жалпы экономикалық өсімнің 30%-дан астамын қамтамасыз етті.
Өңдеуші сала ішінде машина жасау ерекше қарқынмен дамыды. Жыл соңына қарай машина жасау өндірісі 15–16% деңгейінде өседі деп күтілуде. Химия өнеркәсібі де жылды 8% өсіммен аяқтауы ықтимал. Құрылыс секторы биыл экономиканың ең жоғары қарқынмен өскен саласының бірі болды. Ірі инфрақұрылымдық жобалар іске асырылып, құрылыс жұмыстарының көлемі өткен жылғымен салыстырғанда 15%-дан астамға артты. Жыл қорытындысы бойынша елімізде 19,2 миллион шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріледі деп күтілуде, – деп атап өтті сарапшы.
Нақтылағандай, бұл өткен жылмен шамалас деңгей. Құрылыс саласындағы осындай серпін ірі инвестициялық жобалар мен мемлекеттік бағдарламалардың арқасында мүмкін болды.
Агросектордағы тұрақты өсім
Экономистің мәлімдеуінше, ауыл шаруашылығы саласы да оң нәтижелер көрсетті. 2025 жылдың қаңтар-қазанында ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 5,4%-ға ұлғайған.
Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңінен 1 пайыздық пунктке жоғары өсім, яғни агросектордағы өнім көлемі тұрақты артып келеді. Ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу сегменті тіпті қарқынды өсім көрсетті. Ол 10 айда 9,1% өсімге жетіп, жыл соңына қарай 9,3% деңгейінде болады деген сөз. Ұн өндірісі 7%-ға өсті. Өсімдік майын өндіру 21,7% өсіп отыр. Агросектордағы бұл жетістіктер ауыл шаруашылық өнімдерінің үлкен бөлігін өңдеп, қосылған құнды арттыру мақсатына сай келеді, – дейді Айбар Олжай.
Айта кетерлігі, 2026 жылға қарай өңделген өнім үлесін 70%-ға жеткізу жоспары бар екені белгілі.