Оңдасын Оразалин: Ауыл тұрғындары да қалалықтар секілді игіліктерді көру керек.

21 Қаңтар 2022, 19:05
1725
Бөлісу:
Оңдасын Оразалин: Ауыл тұрғындары да қалалықтар секілді игіліктерді көру керек.

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. 21 қаңтар, жұма күні Ақтөбе облысынң әкімі Оңдасын Оразалин жұмыс бабымен Мәртөк ауданында болды, деп хабарлайды облыс әкімдігінің баспасөз қызметі.

Сарыжар ауылында өңір басшысы Сарыжар ауылдық округі әкімдігінің жаңа ғимаратын қарап шықты. Бұрынғы ғимарат жетпіс жыл бұрын салынған және бүгінде мүлдем қаусап қалған. Жаңа әкімдікте былтырғы жылдың қазан айынан бері ветеринар дәрігер мен учаскелік инспектордың кабинеттері орналасып, халық мемлекеттік қызметтерді «бір терезе» қағидасымен алатын сервистік әкімдік ашылған.

Сарыжар – 6 мыңдай тұрғыны бар, қарқынды дамып келе жатқан ауыл. Қалаға жақындығы, орталықтандырылған су құбыры мен газдың болуы жеке тұрғын үй салатын жер учаскелеріне сұраныстың жоғары болуына ықпал етеді. Соңғы жылдары жеке тұрғын үй құрылысына 670-тан астам жер телімі беріліп, олардың 300-не ендігі үйлер салынып тастаған. Халық санының қарқынды өсуін ескерсек, 2-3 жылдан кейін ауылға тағы бір мектеп қажет болады деген болжам бар. Облыс әкімі 320 орындық мектептің құрылысына жобалық-сметалық құжаттама әзірлеуді тапсырды.

Айта кетейік, биыл ауылда жаңа саябақ салу, сонымен қатар ауыл ішіндегі жолдарды асфальттау жұмыстарын ​ жалғастыру жоспарланып отыр. Былтыр бірден алты көшеге асфальт төселді.

Тәңірберген ауылдық округіне қарасты Саржансай ауылында облыс әкімі мал шаруашылығымен айналысып отырған «Ынтымақ» шаруа қожалығына барды.

Өткен жылы 750 тонна сүт пен 47 тонна ет өндірдік. Өнімдерді өзіміздің қожалықтың Ақтөбедегі дүкендерінде сатамыз. Былтыр жем-шөп дайындауға 11 млн субсидия алдық, ауыл шаруашылығы техникасын сатып алуға берілген субсидияның арқасында екі жаңа трактор сатып алдық. Бұл бізге едәуір көмек,- дейді қожалық басшысы Әділ Асанов.

Облыс әкімі осы жылы субсидия жем-шөп өсіруге бөлінетінін атап өтті.

«Ауыл шаруашылығын қолдау басты назарда. Жем-шөп сатып алуға кететін шығынды субсидиялау өзінің тиімділігін көрсетті – шаруалар дерекқорға бұрын тіркелмеген мыңдаған малын енгізді. Енді жем-шөп қорын кеңейтуді ынталандыру мақсатында мал азығы дақылдарын егуге субсидия бөлетін боламыз»,- деді Оңдасын Оразалин.

Саржансайда өңір басшысы 2020 жылы «Жұмыспен қамтудың жол картасы» мемлекеттік бағдарламасы бойынша салынған ауыл клубы мен бір ай бұрын пайдалануға берілген спорт кешенін қарап шықты.

«Бұған дейін клубта, мектепте үйірмелер мен секциялар жұмыс жасады. Енді олардың барлығы спорт кешеніне көшті. Ересектер де, балалар да ықыласпен қатысып жүр»,- дейді Мәртөктегі Балалар мен жасөспірімдерге арналған спорт мектебінің директоры Нұрлан Тәжіғарин.

Спорт кешенінің жалпы аумағы – 1044 м2. Осындай спорт ғимаратын Қаратоғай ауылында да «Ауыл-Ел бесігі» бағдарламасымен салып жатыр. Облыс әкімі құрылыс барысымен танысты. Нысан осы жылы қыркүйекте ашылады деп жоспарланып отыр.

Өңір басшысы Қаратоғай орта мектебінде болып, аудан әкімі алмас Салықбаевтың 2022 жылға арналған даму жоспары туралы баяндамасын тыңдады.
Оның сөзінше, осы жылы Байтұрсын, Аққайың және Хазрет ауылдарында медициналық пункттер мен амбулаториялардың, ал Қаратоғайда ауылдық клуб құрылысы басталады. Родниковка, Сарыжар және Жайсаң ауылдарында спорт кешендері салынады. Егізата, Көкпекті және Қарабұлақ ауылдарында су тазартатын кешенді блок-модульдер орнатылады. Сондай-ақ, Қаратаусай мен Байторысай ауылдарына жүргізетін газ құбырларын салу, Жаңатаң ауылын газбен қамту жоспарда бар.

Ауыл тұрғындары да қалалықтар секілді игіліктерді көру керек. Ең алдымен, газ, су, тұрақты интернет пен байланыс сияқты инженерлік инфрақұрылымдарды. Біз осының бәрі қамтамасыз етуіміз қажет. Әңгіме әлеуметтік инфрақұрылым жайында да болып тұр, олар – мәдениет, денсаулық сақтау нысандары. Облыста бұл бағыттағы жұмыстар ауқымды жүргізілуде және жалғасатын болады,- деп атап өтті Мәртөк ауданын әлеуметтік-экономикалық жағынан әрі әрі қарай дамытуға тапсырма берген облыс әкімі.

Өзгелердің жаңалығы