Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев бүгін араға 10 жыл салып қоржынымызға қола сыйлаған қазақтың белді балуаны Дәулет Шабанбаймен кездесіп, арнайы құттықтады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Кешігіп жеткен қуанышты жаңалықты тағы бір атап өтпеске болмайды. 2012 жылы Лондонда өткен Олимпиада ойындарында еркін күрестен чемпион атанған Артур Таймазов (Өзбекстан) пен күміс медаль иегері Давид Модзманашвилидің (Грузия) сынамасынан допинг анықталды. Осыған байланысты олимпиада жүлделері қайта сарапқа салынып, нәтижесінде аса ауыр салмақта (+100кг) күрескен отандасымыз Дәулет Шабанбай қола жүлдеге ие болып отыр. Дәулетке тиесілі Олимпиада жүлдесін күрес түрлерінен Белградта өткен Әлем чемпионатында Халықаралық күрес федерациясының басшысы (UWW) мен Халықаралық Олимпиада комитетінің мүшесі Ненад Лалович табыстады. Әділдік салтанат құрып, он жылдан кейін олжа боп оралған қола медаль баршамызға құтты болсын! – деп жазды министр.