Өмір бойына сотталған экс-президентке тағы 30 жыл түрме жазасы қосылуы мүмкін

Оңтүстік Кореяның бұрынғы президенті Юн Сок Ёльге Пхеньянға дрон ұшырды деген айыппен қосымша 30 жыл түрме жазасы сұралды.

 © AP Photo/Chung Sung-Jun Бүгiн 2026, 20:29
Бүгiн 2026, 20:29
89
Фото: © AP Photo/Chung Sung-Jun

Оңтүстік Кореяның бұрынғы президенті Юн Сок Ёльге қатысты жаңа айып тағылып, прокуратура оған қосымша 30 жыл бас бостандығынан айыру жазасын сұрады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Жаңа айыптар тағылды

Бұған дейін бүлік ісі бойынша өмір бойына сотталған экс-президент енді Солтүстік Кореямен қақтығыс тудыруға әрекет жасады деп айыпталып отыр.

Тергеу нұсқасына сәйкес, Юн Сок Ёль 2024 жылы Пхеньян үстінен дрондар ұшыруды ұйымдастырған.

Мақсаты не болған?

Associated Press агенттігінің мәліметінше, айыптаушы тарап бұл әрекет арқылы бұрынғы мемлекет басшысы КХДР-мен арадағы жағдайды ушықтырып, ел ішінде әскери жағдай енгізуге негіз жасағысы келген деп есептейді.

Прокуратураның пікірінше, ол туындаған дағдарысты саяси қарсыластарын әлсірету және билікті сақтап қалу құралы ретінде пайдаланбақ болған.

Экс-қорғаныс министрі де істі болды

Бұл іс бойынша Оңтүстік Кореяның бұрынғы қорғаныс министрі Ким Ён Хён де жауапқа тартылып жатыр.

Прокуратура оған 25 жыл түрме жазасын сұрады. Тергеу дерегінше, ол әскери жағдай енгізу жоспарын әзірлеуге және армияны пайдалануға қатысқан.

Еске сала кетейік, Юн Сок Ёль 2025 жылдың шілдесінен бастап қамауда отыр. Ол желтоқсан айындағы сәтсіз әскери жағдай енгізу әрекетіне байланысты айыптармен екінші рет тұтқындалған болатын. Өткен айда Юн Сок Ёль тұтқындауға кедергі жасау айыбы бойынша бөлек сот процесінде бес жылға бас бостандығынан айырылған еді.

Саясаткердің жұбайы, Оңтүстік Кореяның бұрынғы бірінші ханымы Ким Кон Хи қамауда отыр.

Сеулдің Орталық аудандық соты Оңтүстік Кореяның бұрынғы бірінші ханымы Ким Гон Хиді 1 жыл 8 айға бас бостандығынан айыру жазасына кесті.

Бұған дейін Оңтүстік Кореяның экс-президенті Юн Сок Ёльдің өмір бойына бас бостандығынан айырылғанын хабарлаған едік.

Наверх