Омбудсмен ЕуроПарламент депутаттарымен азаматтардың құқығын сақтау мәселесін талқылады

24 Тамыз 2022, 10:43
888
Бөлісу:
Омбудсмен ЕуроПарламент депутаттарымен азаматтардың құқығын сақтау мәселесін талқылады

Елордада Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Эльвира Әзімова Қазақстанға ресми сапармен келген Еуропалық Парламенттің Адам құқықтары жөніндегі кіші комитетінің бір топ депутаттарымен кездесті, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Омбудсменнің шақыруымен бұл кездесуге «қаңтар оқиғалары» кезінде жабық мекемелердегі жағдайға мониторинг жүргізген ұлттық алдын алу тетігінің (ҰАТ) қатысушылары да онлайн қатысты. ҰАТ қатысушылары төтенше жағдай кезінде азаматтық қоғам өкілдерінің арнайы мекемелерге кедергісіз кіруі және дер кезінде жедел ден қоюы адам құқықтарын бұзудың алдын алуда айтарлықтай маңызды екенін атап өтті.

Кездесуге қатысушылардың айтуынша, саяси жаңғыру кезеңінің алдында тұрған біздің еліміз үшін азаматтық қоғам институтының өкілдерін құқық үстемдігі және адам құқықтарын қорғауда жаңарту процесіне белсенді тарту қажет. Осы орайда озық халықаралық тәжірибелер мен қабылданған міндеттемелерді ескере отырып, олардың сапалы және жан-жақты сараптамалық белсенділігі маңызды болмақ.

Осы тұрғыда күш-жігерімізді және әрбір тұлғаның құзыреттілігін біріктіру арқылы ұзақ мерзімді нәтижеге қол жеткізуге болады. Біздің кездесулеріміз проблемалық аймақтарды анықтап қана қоймай, осындай жиындар азаматтардың құқықтарын қорғау мәселелерін жүйелі түрде шешуге септігін тигізуі тиіс деп ойлаймын, – деп түйіндеді Эльвира Әзімова.

Кездесу қорытындысы бойынша қатысушылар адам құқықтары саласындағы бірқатар мәселелер бойынша диалогты жалғастыруға келісті.

Өзгелердің жаңалығы