Оқушылар «Minecraft» платформасында садақ атып, аламан бәйгеден сынға түсті

19 Наурыз 2021, 18:05
2987
Бөлісу:
Оқушылар «Minecraft»  платформасында садақ атып, аламан бәйгеден сынға түсті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары Ұлыстың ұлы  күні Наурыз мерекесіне орай далада ақшаңқан киіз үйлер тігіп, «Садақ ату», «Қазақ күресі» мен «Аламан бәйгеден» сынға түсті. «Minecraft» платформасында ұйымдастырылған сайысқа еліміздің түкпір-түкпіріндегі зияткерлік мектеп оқушылары қатысты. 

Петропавл қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары «Minecraft» ойын платформасында Солтүстік Қазақстан облысының киелі жерлерінің картасына енген нысандардың дәл көшірмесін жасаған болатын. Жоба Айғаным қонысы, Ағынтай-Қарасай батырлар кесенесі, Ботай қонысы сынды тағы басқа нысандарды қамтыған болатын. Кез келген ойынша виртуалды ғимараттарға кіріп саяхат жасай алады. 

Оқушылар «Minecraft» мүмкіндіктерін пайдаланып, Наурыз мерекесіне орай ұлттық ойындардан сайыс ұйымдастыруды жөн санапты. Өздері білім алып жүрген мектептің вируалды көшірмесін жасап, киіз үйлер тігіп, жарыс алаңдарын құрастырған.

Оқушылар «Minecraft»  платформасында садақ атып, аламан бәйгеден сынға түсті

«Minecraft» - мектеп жасындағы балалар арасында әлем бойынша ең жоғары сұранысқа ие ойын. Оған ұлттық құндылығымызды қосуды жөн санадық. Мақсатымыз – жасөспірімдердің қызығушылығын арттыру. Оқушылар сайыс ережелерін өздері жасады. Платформада балалар бір-бірімен күресіп, тіпті атқа мініп шаба алады. Мергендіктерін сынап көру үшін «Садақ атуды» таңдадық. Шетелдік ойынға осылайша ұлттық дүниемізді қосып, ұтымды пайдалануға болады, - деді  Петропавл қаласындағы НЗМ директоры Данияр Уәлиев.
Назарбаев Зияткерлік мектептері желісінде жыл сайын «Наурыз кездесулері» ғылыми жобалар сайысы ұйымдастырылады. Биыл карантиндік шараларға орай, дәстүрлі кездесу онлайн форматта өтті. Ұлттық ойындар сайысы аталған шараға олайластырылды. 

Оқушылар «Minecraft»  платформасында садақ атып, аламан бәйгеден сынға түсті

Бүгінгі ойынның ерекшелігі – Қазақстандағы барлық зияткерлік мектептің оқушылары «Minecraft» платформасында кездеседі. Шарадан кейін де әрбір оқушы мектеп серверінде  ойынды жалғастыра алады. Мен шынайы өмірде ұлттық ойындарға қатты қызығамын. Бүгін виртуалды форматта болса да осындай сайыста өзімді сынап көруге мүмкіндік туғанына қуаныштымын. Оны ұйымдастыру үшін көп еңбектендік, - деп атап өтті 8-сынып оқушысы Азат Аңдамасов.
Сайысқа қатысушылар ұйымдастырылған шара ұнағанын тілге тиек етті. Жарыс соңында жеңімпаздар марапатталды.
Өзгелердің жаңалығы