Облыс, аудан басшылығы ауылдарға жиі барып, мәселелерді шешу жолында жұмыс істеуі тиіс – Сапарбаев

18 Ақпан 2022, 08:44
1536
Бөлісу:
Облыс, аудан басшылығы ауылдарға жиі барып,  мәселелерді шешу жолында жұмыс істеуі тиіс  – Сапарбаев

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев ауылдық округ әкімдерінің есептерін тыңдауды бастады. 

Бұл туралы Жамбыл облысы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Шу ауданындағы жұмыс сапары барысында аймақ басшысы Алға ауылдық округінің әкімі Бағдат Есбергеновтың өткен жылы атқарылған жұмыстары бойынша есептік жиынына қатысып, жергілікті тұрғындармен кездесті. Баяндамашы көшелерді жарықтандыру, жөндеу, асфальттау, абаттандыру бағыттарында айтарлықтай жұмыстар атқарылғанын жеткізді.

Бердібек Сапарбаев округтің әкіміне жұмыссыздар санын азайту, аз қамтылған, көп балалы отбасыларға, зейнеткерлер мен қарттарға көңіл бөлу, әлеуметтік мәселелерді шешу, пайдаланусыз жатқан жерлерді мемлекет меншігіне қайтару, «Асарлатып үй салу», «Жомарт түлек» жобалары бойынша жұмыстарды ұтымды ұйымдастырудың маңыздылығын баса айтып, нақты тапсырмалар жүктеді.

- Мемлекет тарапынан ауыл адамдарына көрсетілетін қамқорлық, қолдау бәсеңдемейді, одан әрі жалғасады. Еңбек етем деген адамға ауылда жұмыс көп. Мемлекеттік бағдарламалардың мүмкіндіктерін ауылдықтар тиімді пайдаланып, табыстарын арттыруы қажет. Аудан, ауылдық округ әкімдіктері бұл жұмыстарды үйлестіруі тиіс. Ең бастысыжергілікті тұрғындар да бірлесіп, еңбек етуі керек. Бірлік бар жерде – береке болады, - деді Б.Сапарбаев.

Бұдан соң облыс әкімі «Әсия әлемі» балабақшасына ат басын бұрды. Меңгерушісі Ләйлә Жүнісәлиеваның айтуынша, бүгінде мұнда 50 адам тұрақты жұмыспен қамтылып, мектеп жасына дейінгі 200 бүлдіршін тәрбиеленуде.

Аймақ басшысы Президенттің қолдауының арқасында өңірде жаңа балабақшалар салынып, орталықтар ашылып жатқанын атап өтті.

- Қазіргі таңда облысымызда мектепке дейінгі білім беру мекемелерін дамытуға көп көңіл бөлінуде. Бүлдіршіндердің барлығы балабақшамен қамтылуы тиіс. Кез келген ата-ана балаларының тәрбиелі, бақытты, дені сау, білімді болып өскенін көргісі келеді. Бөбекжай ашып, оны сапалы материалдық-техникалық құрылғы-жабдықтармен қамтамасыз еткен жергілікті азаматтарға алғысымды білдіремін, - деді өңір басшысы.

Бұдан соң Б.Сапарбаев Шу электрмен жабдықтау, Шу сигнализация және байланыс дистанциялары және Шу локомотив пайдалану депосының басшыларының есебін тыңдап, жұмысшылармен кездесті.

Аймақ басшысы теміржолшылардың аудан экономикасының дамуына қосып отырған үлесіне тоқталды.

- Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес жыл сайын жұмысшылардың жалақысының өсуі, жұмыс орындарының қысқармауы, оларды әлеуметтік қолдаулармен қамтамасыз ету секілді мәселелерге айрықша назар аудару керек.

Қазіргі таңда ең негізгісі - елдің тыныштығы. Облыс, аудан басшылығы ауылдарға жиі барып, тұрғындардың өтініштерін тыңдап, өзекті мәселелерін шешу жолында жұмыс жүргізуі тиіс, – деп түйіндеді облыс әкімі.

Аудандағы жұмыс сапары кезінде аймақ басшысы «Nur Otan» партиясы аудандық филиалы ғимаратының жөндеу жұмыстарымен танысты. Мұндағы жөндеу жұмыстары наурыз айының алғашқы он күндігінде аяқталады деп күтілуде.

Төле би ауылындағы заманауи технологиямен жабдықталған «Дәулет» медициналық орталығында болған аймақ басшысы ауданда медициналық мүмкіндіктерді арттыра түсу қажеттігін баса айтты.

Өзгелердің жаңалығы