Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметіндегі онлайн брифингте қойылған сауалдарға жауап берді.
Мектеп оқушыларына тегін медициналық маскалар таратыла ма? Таратылса, қанша көлемде? Сонымен қатар мектептер қосымша мидициналық кадрлармен толықтырылатын бола ма? Карантин кезінде қазақстандық ата-аналар балаларын ресейлік мектептерге онлайн оқуға беріп жатқандығы туралы ақпарат тарады. Бұл қаншалықты рас? Елімізде жаңа оқыту платформасы жасалып жатқанын айтқан болатынсыздар, оған қанша қаражат бөлінді? Платформаны дайындаумен кім айналысады? Ол алдын ала дайындалмай, неге сабақ басталып кеткенде жасалып жатыр? – деп брифингте журналист сұрақ қойды.
Кезекші сыныптарда ата-аналар өздерінің шешімімен балаларын мектепке жіберіп отыр. Сондықтан көбінде маскаларды ата-аналар өздері қамтамасыз етіп отыр. Бірақ мұғалімдер бойынша бүгінгі күні мектептер бұл мәселені өздері шешуде. Қазіргі күні әр түрлі ақпараттар бар. Оларды тексеру керек. Көрші мемлекеттердің мектептерінде оқып жатыр деген нақты фактілер болса, бізге беруді сұраймын. Негізінде балалар Қазақстанның мектептерінде өздерінің білімдерін жалғастырып жатыр. Дегенмен, әрине, қосымша білім аламын десе, онда әр ата-ананың, әр баланың өзінің құқығы бар. Басқа мемлекеттердің білім беретін түрлі ресурстары бар. Олар арқылы қосымша білім алуға бүгінгі күні барлық мүмкіндік жасалған, - деп жауап берді Аймағамбетов брифингте.
Сондай-ақ платформа мәселесіне де тоқталып өтті.
Бүгінгі таңда елімізде 8 платформа жұмыс істеп жатыр. Олар мектептерге бейімделген платформалар. IV тоқсанда олардың саны өте аз болатын. Жазда біраз платформа қосылды. Мемлекеттік жекеменшік әріптестік негізінде бұл жұмыс жүргізіліп жатыр. Сондықтан мемлекет бүгінгі күні осы платформаларды дамыту, дайындау бойынша бірде-бір тиынын жұмсап отырған жоқ. Біз тек қана осы платформалар дайын болғанда бәсекелестігіне қарай мектептер өздері таңдау жасап, тиісті жұмысты жүргізіп жатыр. Сондықтан жалпы қазір платформалар бар. Осы платформалардың негізінде күніне 1 тапсырма беріліп, 700 мың баға қойылып жатыр, - деп тоқталып өтті Аймағамбетов.
Сондай-ақ мектептердегі медицина қызметкерлерінің саны туралы айтты.
Мектептердегі медицина қызметкерлеріне келетін болсақ, онда тиісті заңнамаға сәйкес қызметкерлер бар. Олар мұның алдында да, бұдан кейін де болады. Олар білімді, білікті мамандар. Әріптестеріміз ары қарай да өз қызметтерін жалғастырады, - деді ол.