Оңдасын Оразалин: Шектеулер ақылға қонымды болуы тиіс

16 Маусым 2020, 16:56
1204
Бөлісу:
Оңдасын Оразалин: Шектеулер ақылға қонымды болуы тиіс

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бүгін Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалиннің төрағалымен өткен аппарат отырысында облыстағы эпидемиологиялық ахуал және «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының 2020 жылдың 15 маусымына дейін жүзеге асырылуы жайы талқыланды. 

Жиынға облыс әкімінің орынбасарлары, басқарма басшылары, видеоконференция режимінде қала, аудан әкімдері қатысты. Облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұржауған Қалауов өңірдегі эпидемиологиялық жағдайды баяндады. Нұржауған Қалауовтың сөзіне қарағанда, аурушаңдық артуына босаңсыту шараларының салдары, белсенді скриниг өткізілуі, санитарлық талап сақталмауы себеп болып отыр.

Облыста 5 облыстық, 2 қалалық және 76 аудандық, ауылдық округтерде мониторингтік топ құрылған. Олар 1727 рет нысандарға тексеру жүргізген. Сонда кіреберіс жерлерде пирометр және санитайзер құралдарының болмауы, арақашықтықтың сақталмауы сияқты кемшіліктер анықталған. Осы орайда, Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Нұрсұлу Беркімбаева облыс әкіміне өңір тұрғындарының ешқандай тыйымдарға қарамастан дәстүрлі шараларды өткізіп отырғандарын мәлімдеді.

Аймақ басшысы қауіпсіздік шаралары маңызды екенін, дегенмен тұрғындарды тым қыспаққа алу, керсінше, кері әсерін беруі мүмкін екендігін айтты. 

ТЖ кезінде ақтөбеліктер барынша тәртіп сақтады. Жұмыс мерзімдерін қарастыру қажет. Менің ойымша, уақыттарын шектеген сайын азаматтар одан сайын көп жинала береді. Демалатын уақытта субұрқақтарды өшіріп тастау мәселесіне тұрғындар реніш білдіруде. Шектеу мен тыйымдар ақылға қонымды болуы тиіс. Жағдайға байланысты шараларды да өзгерту керек. Қоғамдық көліктердің жүру уақытын ұзартып, азаматтардың көп шоғырлануын болдырмас үшін, керісінше, олардың жүріп-тұруына мүмкіндік беру керек, - деді Оңдасын Оразалин. 
Облыс әкімінің бұл пікірін облыстық Полиция департаменті басшысының бірінші орынбасары Қанат Әлиев те қолдады. Департамент өкілдері той-жиын өткізудің тәртібін бірлесе отырып шешпек. Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Бұлбұл Елеусінова "Еңбек" мемлекеттік бағдарламасының осы жылдың 15 маусымына дейін жүзеге асырылуына тоқталды. 

Облыста халықты жұмыспен қамтамасыз ету және жұмыссыздық деңгейінің өсуіне жол бермеу мақсатында 52332 жұмыссыз және өзін-өзі жұмыспен қамтушыларды жұмыспен қамтудың шараларымен қамту жоспарланған. I жартыжылдықта жұмыспен қамту көрсеткіштерінің орындалуы 70%-дан кем болмауы тиіс. Талдауға сай кейбір көрсеткіштердің орындалмау қаупі болып отыр. 15 маусымға аудандық, қалалық жұмыспен қамту органдарының ықпалымен 2020 жылға жоспарланған 52 332 адамның 17 224 адамы жұмыспен қамтудың белсенді шараларымен қамтылды. Яғни - 33% . 

ТЖ кезінде қысқа мерзімді кәсіптік оқытуға шектеу шараларына байланысты 10 адам ғана жіберілген. Шағын несиелеу бойынша 189 жоба аясында 956,3 млн теңгеге ауыл тұрғындарына несие берілді. 77 адамға 39,5 млн теңгеге мемлекеттік гранттар берілген. Әлеуметтік жұмыс орындарына 1 183 адам, жастар тәжірибесіне 1 172 азамат, қоғамдық жұмыстарға 4 126-сы бағытталды. Биыл республикалық бюджеттен 3500 адамды жұмысқа тартуға 1 190 млн теңге бөлінді. Бірақ жұмыссыз азаматтарды, студенттер мен жоғары сынып оқушыларын қоғамдық жұмысқа тарту жұмыстары Әйтеке би, Хромтау, Шалқар аудандарында төмен болып отыр. 

Аудандарға жасаған жұмыс сапарларымда халықтың бизнеспен айналысуға деген құлшынысы артқанын, мемлекеттік грант, шағын несие алуға талпыныстары жоғары. Кәсіппен айналысуға ниеттілерге қолдау көрсету қажет, жұмыс орындары ашылып, жергілікті азаматтардың еңбекпен қамтылуына ықпал болады, - деген облыс басшысы аудан әкімдеріне осы жұмыстарды дұрыс ұйымдастыруды тапсырды.

Өзгелердің жаңалығы