Қоғамдық орынды ластаған 4 жолсерік жауапқа тартылды

25 Тамыз 2020, 16:42
1941
Бөлісу:
Қоғамдық орынды ластаған 4 жолсерік жауапқа тартылды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Достық стансасының көлік полицейлері «Таза Қазақстан» жедел профилактикалық іс-шарасы аясында «Достық-Нұр-Сұлтан» бағытындағы жолаушылар пойызының  4 бірдей жолсерігін ӘҚБтК-нің 434-бабы 2-бөлігі, яғни ортақ пайдаланылатын орындарды ластау фактісімен әкімшілік жауапқа тартты. Бұл туралы ІІМ Көліктегі полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.  

Көлік полицейлерімен тексеру барысында жолсеріктердің Нұр-Сұлтан қаласының 1968, 1971, 1976, 1990  жылғы тұрғындары екені анықталды. 

Құқық бұзушы жолсеріктер вагоннан шыққан коммуналдық қалдықтарды Достық стансасындағы темір жол вокзалының маңайына тастап, қоғамдық орынды ластаған. 

Жолсеріктерге 5 АЕК мөлшерінде әкімшілік айыппұл салынды. 

Еске сала кетейік, биыл 23 шілде мен 30 тамыз аралығында Көліктегі полиция департаменті мен оның  желілік бөліністерінің қызмет көрсету аумағында «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы өтуде.

Акцияның мақсаты – азаматтарды қоғамдық ортаны таза сақтауға шақыра отырып, экологиялық құқықбұзушылықтарды анықтау және оның алдын алу.

Өзгелердің жаңалығы