Қоғамдық келісімнің жаңа құрамы бекітілді

17 Маусым 2019, 15:59
2537
Бөлісу:
Қоғамдық келісімнің жаңа құрамы бекітілді
Фото: автордан

Түркістан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін Түркістан облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы мен облыс әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» мекемесінің ұйымдастыруымен облыстық ҚХА жанындағы Қоғамдық келісім кеңесінің отырысы болып өтті.

Жиында Түркістан облыстық ҚХА төрағасының орынбасары, хатшылық меңгерушісі Ғани Рысбеков Төлеби, Келес, Бәйдібек аудандарынан және облыстың білім мен мәдениет басқармаларынан Кеңес құрамына енгізілген азаматтардың басқа жұмысқа ауысуларына байланысты орындарына жаңа азаматтар кіргізілгенін атап өтті.

«Бүгін қоғамдық келісімнің екінші жарты жылдықта атқаратын жұмыстарын нақтылау үшін жиналдық. Өңірдегі аудан мен қалаларда және ауыл округтерінде 200 Қоғамдық кеңесінің 1600 мүшесі бар. Кеңестер жыл басында бекітілген өздерінің жұмыс жоспарларына сәйкес жұмыс істеп жатыр. Осы жылы 100-ден аса мәселе қаралып, мемлекеттік құрылымдарға 80-ге жуық ұсыныс берілді», - деді Ғани Рысбеков.

Қоғамдық келісім кеңесінің мақсаты – жер-жердегі мәселелердің түйінін тарқатып, оңтайлы шешу, үлес қосу, өзекті мәселелер бойынша мемлекеттік мекемелерге ұсыныстар әзірлеп, оның орындалуына қоғамдық бақылау орнату, дауласқан азаматтарды кеңес отырыстарында тыңдап, екі жақты татуластыруды көздейді.

Осыған орай, облыстық қоғамдық келісім кеңесінің жаңа құрамы бекітілді.

«Бүгін жаңадан сайланған қоғамдық келісім мүшелерінің отырысы болды. Көптеген мәселелер көтерілді. Әсіресе биыл Жастар жылына орай аудандар мен елді мекендерде жастармен жұмыс істеуіміз керек. Президенттің Жолдауын жеткізу арқылы Қоғамдық келісім мен халық арасында көпір болып, елдің тыныштығы мен бірлігін сақтауға үлесімізді қосып жатырмыз», - деді Түркістан облыстық иран этномәдени бірлестігінің төрағасы Капар-Пур Нұрысбек.

Бұдан кейін отырыста баяндама жасаған Сайрам аудандық Қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы Аманкелді Қабылбеков аудандық ішкі саясат бөлімі, ардагерлер, аналар кеңесі мүшелерімен бірлесе отырып, ұлтаралық татулықты нығайту бойынша осы жылдың 5 айында 54 рет кездесу өткізгенін айтты.

«Өзім төрағалық ететін аудандық Қоғамдық келісімнің кеңес құрамы 15 адамнан тұрады. Оған қосымша аудан аумағындағы 11 ауыл округінде Қоғамдық келісім кеңесі мүшелері 9-11 адам, барлығы 117 мүшеден тұрады. Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» мақалаларын аудан тұрғындарына, жастар арасында насихаттау бойынша 11 ауыл округінде 11 рет кездесу өткіздік. Сонымен қатар, Қоғамдық келісім мүшелері аталған азаматтық қоғам институттарымен және ауылдық медиаторлармен бірге, 5 ай ішінде 259 отбасылық, тұрмыстық, еңбек, білім саласы, жерге қатысты және көршілердің даулы мәселелерін қарап, 227 даулы мәселені сотқа жеткізбей, оң шешілуіне көмегімізді тигіздік», - деді Аманкелді Қабылбеков.

Өзгелердің жаңалығы